×

Қазақстанда былтырдан бері сепаратизм әрекеті бойынша тіркелген деректер күрт көбейген

2022 жылы сепаратизм әрекеті бойынша 9 қылмыстық іс тіркелген

 Ербол Тұрымбет 04.04.2023 | 13:28
коллаж: Halyq Uni

Жуырда Петропавл қаласында бір топ тұрғын «Қазақстаннан тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасап, Халық кеңесі құрылғанын жариялады. 19 адамнан тұратын топтың жиналыс өткізіп жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарады.

«Біз азат және еркін халықпыз, ерлер мен әйелдер, СҚО Петропавл қаласының тұрғындары Қазақстан Республикасы корпорациясының құқықтық негізінің жалғандығына, халықтың өміріне қолайсыз жағдайлар туғызуына, сонымен қатар, оның агенттерінің әрекетке қабілетсіздігі мен абыройсыздығына байланысты игілігіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшысы мен қызметшілеріне толық сенімсіздік білдіреміз. Біз халық, өз тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді жариялаймыз», - деді жиынға қатысушылар.

«Қазақстаннан тәуелсіздік алдық» деп жариялаған Петропавлдағы жағдайға қатысты Мәжіліс депутаттары қол жинап, Бас прокуратура назарына жолдады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған жағдайды «сепаратизмнің айқын көрінісі» деп бағалады.

Сепаратизм - жікшілдік, оңашалануға тырысу. Халықтың мемлекеттен бөліну әрекеті сепаратизм деп түсіндіріледі. 

Қылмыстық кодекстің «Сепаратистік әрекет» деп аталатын 180-бабы бойынша Қазақстандағы жыл сайынғы статистика:

Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 180-бабы бойынша («Сепаратистік әрекет») тіркелген жағдай күрт көбейгенін білуге болады. Аталған комитет «Экстремизмге, терроризмге байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы және прокурорлық қадағалау жағдайы туралы» есеп жүргізеді. «Сепаратистік әрекет» бабының статистикасы да соның ішінде қарастырылады. Биылғы 3 айда есептің бұл түріне қатысты ешқандай мәлімет жарияланбаған.

Бас прокуратура Петропавлдағы жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды.

Еске салайық, былтыр Halyq Uni тілшісі бірқатар сарапшыдан «Қазақстанда сепаратизм бар ма?» деген сұраққа жауап алған еді. Сонда саясаттанушы Талғат Қалиев «Қазақстанда сепаратизм жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені, Қазақстан унитарлы мемлекет, барлық билік орталықта» деген пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, ондай оқиғалар шекарасы шектелмеген елдерде болып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама