×

Маңғыстау облысында 9 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Прокуратура органдары жер және құрылыс заңнамасының сақталуына талдау жүргізді

 Динара Амантай 04.04.2023 | 12:25
Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында құны 130 млн теңгені құрайтын 9 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтау қаласының экономикалық дамуы мен халық санының артуы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының көбеюіне алып келді. Осыған байланысты экономикалық және техногендік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, облыстың прокуратура органдары жер және құрылыс заңнамасының сақталуына талдау жүргізді.

Нәтижесінде облыс прокуратурасы тиісті бастапқы рұқсат құжаттарын әзірлемеген тұрғын үй кешендерін заңсыз салудың 11 фактісін анықтады. Басқаша айтқанда, үйлердің құрылысы Заң нормалары сақталмай басталған.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторингпен салымшыларға пәтерлерінің табысталуына кепілдік беретін рәсімдерді орындамай, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартудың 25 дерегі анықталған. Аталған фактілер бойынша прокуратурамен кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту талабы қойылды.

Сондай-ақ талдау барысында тұрғын үйлердің құрылысына жер учаскелерін заңсыз беру фактілері анықталды.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша Ақтау қаласы әкімдігінің жер учаскелерін беру туралы 2 қаулысының күші жойылып, құны шамамен 130 млн теңге болатын 3,9 га коммерциялық мақсаттағы 9 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұған қоса, аумағы 20 га, кадастрлық құны 400 млн теңгені құрайтын 28 жер учаскесін заңсыз берудің алды алынды.

Жоғарыда аталған талдау нәтижесі жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен облыс прокуратурасының алқа отырысында талқылауға себеп болды.

Облыс прокуроры Руфат Құттықов құрылысшылардың заң талаптарын сақтау маңыздылығын атап өтті. Ол азаматтар көптен күткен тұрғын үйге соңғы қаражаттарын салғаннан кейін алданып, не құрылыстың аяқталуы ұзақ уақытқа созылатынын, немесе негізсіз себептермен мүлдем тоқтатылатынын айтты.

Алқа отырысы нәтижесімен жергілікті атқарушы органдарға салынып жатқан объектілердің мониторингін күшейту, жер учаскелерін бөлу кезінде бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қатаң сақтау тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама