×

Мирзияев Қарақалпақстанға барды

Ол наразылық акциясынан кейін жергілікті тұрғындармен әңгімелесті

 Дастан Жұмабекұлы 31.03.2023 | 11:13
фото: president.uz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 30 наурызда жұмыс сапарымен Қарақалпақстанға барды. Ол Нөкіс қаласындағы «Алтын Жағыс» махалласында болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Өзбекстан басшысы былтыр шілде айында Нөкіс қаласында болған наразылық акциясынан кейін елдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.

Махаллада 4 мыңнан аса адам тұрады. Бұл жерде жаппай ереуілге дейін махаллаға көлікпен жету өте қиын еді. Байланыс желілері де болмаған. Сондықтан былтыр бұл жер «Абат махалла» бағдарламасына енгізіліп, ауқымды құрылыс, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жол, жарық, ауыз су, газ желілері жаңартылды.

Махалла ғимараты қайта салынып, оның айналасында балалар ойын алаңдары, медициналық пункт, кәсіпкерлікті қолдау орталығы, сауда үйлері бой көтерді. Қазір заманауи спорт кешені салынып жатыр. Мұндай кешен тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды.

Мирзияев тұрғындармен кездесуде былтырғы оқиғаның енді қайта қайталанбауы керектігін, бұл үшін жергілікті халықты әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау үшін қолда бар жағдайдың бәрі жасалатынын атап өтті.

Биыл Қарақалпақстанның махаллаларын абаттандыруға, су, жол, электр жарығын жақсартуға, мектеп, балабақша, медпункт салу мен жөндеуге 1,5 триллион сум бөліп отырмыз. Сондай-ақ Қарақалпақстандағы 452 махалланың әрқайсысына тікелей 500 миллион сум қосымша қаржы бөлінеді. Мәселені махалланың өзі шешсін, ақша береміз, өзін-өзі басқарсын. Сонда сапа да, пайда да болады. Халық риза болады, – деді ол.

Оның айтуынша, Қарақалпақстанда кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлініп келеді. Махалланың жері құнарлы емес. Тұрғындар негізінен қызмет көрсету арқылы табыс табады. Махаллада тұрмыстық қызмет көрсету орындары, тігін фирмалары, наубайхана, жиһаз жасау және техникалық қызмет көрсету ұстаханалары бар. Алдағы уақытта қоян мен балық шаруашылығын дамыту жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама