×

«Хейт болады деп қорықпаймын»: Гейм-дизайнер Қазақ хандығы туралы үстел ойынын жасап жатыр

Арафат Әбішев үстел ойындарына 10 жылдан бері әуес

 Айнұр Шошаева 16.03.2023 | 15:13
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандық гейм-дизайнер Арафат Әбішев Қазақстан тарихы туралы үстел ойынын жасап жатыр. Қазақ хандығының құрылу кезін суреттейтін ойын келесі жылы сатылымға шығады деп жоспарланған, деп хабарлайды Halyq Uni

Арафат Әбішев үстел ойындарымен 10 жылдай уақыт бұрын әуестене бастаған. Айтуынша, бүгінде ойынның бұл түрі хоббиіне айналды. 

«Үнемі өз тарихымыз туралы ойын болса, жақсы болар еді деген ой келетін. Былтыр досым Ақпарат министрлігі гранттық жобаға конкурс жариялағаны туралы ақпарат жіберді. Менде идея бар, неге соны неге іске асырмасқа деп өтініш беріп, 3 млн теңгенің грантын алдым», – деді ол. 

Ойын отандық тарихтың бір кезеңін – Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп шығу кезеңін суреттейді. 

«Менің жобам – дуэльдік ойын болады. Команда немесе жекелеген адам бір-біріне қарсы ойнайды. Ойынның ерекшелігі – экономикалық құрылым болады. Бір жағында Керей мен Жәнібек хандар, екінші жағында Әбілқайыр хан алдымен өз ұлысын дамытуға тиіс. Кейбір ойында ойыншылар бірдей ойнайды, бірдей нәрсені істеп жарысады. Ал кейбір ойынның процессі, яғни геймплэйі әртүрлі келеді. Жеңіске жетудегі мақсаттары әртүрлі болады. Менің жасап жатқан жобамның ойын процессі асимметриялық болады деп отырмын. Алдымен экономикалық қалыптастырушы, одан кейін қосымша ойын ішінде ойын болады. Яғни, олар түрлі рулардың тапсырмаларын орындап, олардың сеніміне кіреді. Соңында Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан кетуге дайын болғанда әскери қақтығыс болуы мүмкін. Шамамен, ойынның қысқаша мазмұны осы», – деп қосты дизайнер. 

Сондай-ақ ол тарихи оқиғаларға ұқыпты болуға тырысатынын атап өтті. Алайда ойын барысында кішкене болса да, олқылықтарға жол беруге болады деп есептейді. 

Өйткені бұл ойын, ешқандай ғылыми жоба, фильм немесе сериал емес. Бұл ойын тарихи шындыққа таласпайды. Бар болғаны ойыншыға түсінікті әрі қызықты болатындай етіп жасауға тырысам. Ең алдымен ойынның визуалды жағы сәтті шықса екен деймін: сауыт-саймандары, киімдері, тұрмыстық заттарын көрнекі етуіге тырысатын боламын. Сондай-ақ дәстүрлі ою-өрнектерімізді пайдаланамын. Тарихшылар немесе сыншылардың тарапынан хейт болады деп қорықпаймын. Тек ойыншылар үшін қызықсыз болмаса болды. Бұл ойынның рейтингіне әсер етуі мүмкін, – деп толықтырды сөзін Арафат. 

Бұл оның алғашы жобасы. Автор ойынды Қазақстаннан бөлек, ТМД мен Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. 

«Мен Kickstarter-ге (краудфандинг схемасы бойынша шығармашылық, ғылыми және өндірістік жобаларды іске асыруға ақша қаражатын тартуға арналған сайт – автор) шығарамын. Яғни, картасы мен бастапқы желісін жасаймын, әрі қарай ол ойыншылардың қалауымен өрбитін болады. Бұл тарихты баяндайтын сюжеттік ойын емес, ойыншылар тарихты өз қалауынша жазады. Сондықтан тарихтың желісіне қатысты ешкім сын айта алмайды. Грант қаржысы бар, бірақ ол жеткіліксіз, қосымша ақша іздеуге тура келеді. Әзірге грант қаржысына бастап жатырмыз. Келісім бойынша ол ойынды биыл жылдың соңында аяқтап, келесі жылы шығаруым керек», – дейді Арафат. 

Оның пікірінше, үстел ойындарының шағын болса да, өз аудиториясы бар. Бүгінде Қазақстанда тарихи тақырыптағы үстел ойындары бар, бірақ көп емес. Сондай-ақ автор бұл ойын ұлттық тарихты насихаттаудың бір жолы санайды.  

Pax Pamir деп аталатын үлкен ойын бар. Ол Ауғанстан туралы ойын, Англия, Ресей империясы мен Ауғанстан фракциялары бар. Онда тарихи анықтама бар, ойыншыға қызықты болса оқып алады. Сол сияқты Watergate деген ойын бар. Ол аты айтып тұрғандай атышулы Уотергейт оқиғасын баяндайды. Айтпағым, ойынның арқасында болған оқиғаны, тарихты насихаттауға болады. Демек бұл ойын батыстың ойыншыларына қазақ тарихы мен мәдениетін дәріптеудің бір жолы. Тақырып қызықтырса, әрі қарай өздері зерттей түседі, – деп қосты. 

Қазір Арафат Әбішев қазақстандық суретшілермен жұмыс істеп жатыр. Оның пікірінше, елімізде талантты суретшілер көп, ойын арқылы шетелге олардың есімін таныту қажет. 

«Өзім гейм-дизайнермін, бірақ өзім сурет сала алмаймын. Сол себепті кәсіби суретшіні таптым. Қазақстанда талантты суретшілер көп, солармен жұмыс істегім келеді. Өйткені иллюстрация жасаған суретші ойында автор ретінде көрсетіледі. Бұл батыста қазақстандық суретшілерді танытудың бір жолы. Жалпы, үстел ойындары цирфлық ойындармен бәсеке деп айта алмаймын. Ол кітап пен сериал сияқты екі түрлі хобби дер едім. Кітапты жақсы көретін адам оны бәрібір оқиды, ал үстел ойыны да солай», – деді дизайнер. 

Ол ойынды орыс және ағылшын тілінде шығаруды жоспарлап отыр. Қаржы табылса сапалы аударма жасап, қазақ тілінде шығарамын дейді. Сондай-ақ келесі жоспарлап отырған жобасы жәндіктер туралы ойын екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама