×

Түркиядағы зілзала Алматыға сабақ болуға тиіс – премьер-министр

Әлихан Смайылов қаланың сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды

 Динара Амантай 11.03.2023 | 11:00
Фото: t.me/KZgovernment

Алматыда құзырлы органдар қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруға тиіс. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-Министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруы тиіс.

Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау процестерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек, — деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, бұған дейін премьер-министр «Алтын Орда» базарындағы баға белгілеуді жіті қадағалау қажетттігін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама