×

Алматыда есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Күдіктілерден ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалған құжаттары мен 34 келіге жуық гашиш тәркіленді

 Динара Амантай 27.02.2023 | 11:27
Фото: polisia.kz

Алматыда есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың 5 мүшесі ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің хабарлауынша, полицияның арнайы жасақтарының көмегімен жүргізілген арнайы іс-шара барысында 5 ер адам ұсталған. Олардың барлығы – Жамбыл облысы, Шу ауданының тумалары.

Күдіктілер қаланың әр жерінде ұсталды. Мәселен, Қалқаман шағын ауданында 46 жастағы А. есімді азамат қолға түсті. Рұқсат етілген тінту кезінде одан сығымдалған гашиш заты салынған төрт бума, 1 млн 150 мың теңге көлеміндегі қолма-қол ақша және ішкі істер органдары зейнеткерінің жалған куәлігі табылды және тәркіленді. Ал күдіктінің үйінен, үйдің қазандығынан жалпы салмағы 4 келіден асатын гашиш есірткі заты салынған 7 полиэтилен бумасы мен металл таразылар табылды. Дәл сондай жалған құжат топтың тағы бір мүшесінен – 40 жастағы О. есімді азаматтан тәркіленді. Арнайы іс-шара нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 34 келіге жуық гашиш тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Сонымен бірге Алматыға есірткі жеткізу арнасы анықталды. Қазір есірткілік шөпті пайдаланушылардың ауқымы тексеріліп жатыр.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына, сондай-ақ ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес, қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама