×

Түркияда бірнеше туристік нысан уақытша жабық болуы мүмкін

Жер сілкінісі болған аймақта тарихи нысандар бар

 Айгерім Таубай 23.02.2023 | 15:59
фото: ашық дереккөз

Жер сілкінісі болған аймақтағы кей нысан қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша жабық болуы мүмкін. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Елшінің айтуынша, пандемияға дейін жыл сайын 400-450 мың қазақстандық Түркияға саяхаттауға барған. Пандемияға байланысты жағдай тұрақталған соң бұл көрсеткіш 700 мың адамға дейін жетті.

Түркияға жыл сайын 40-45 млн турист келеді.  Түркия туристер ең көп келетін бес елдің қатарына кіреді. Туристік кезеңнің басталуына бірнеше ай бар. Ол уақытқа дейін елде қонақтарды қабылдауға барлық іс-шара қабылданады, - деді Екиджи.

Түркияның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, Анталья, Алания секілді туристік қалалар жер сілкінісі болған аймақтан 600 шақырым жерде орналасқан.

Қазірге дейін Түркияға алған билеттерін жаппай кері қайтарып жатқаны туралы ақпарат жоқ. Менің таныстарымның арасында Түркияға барғысы келетін азаматтар көп, - деді ол.

Ал жер сілкінісінен зардап шеккен өңір тарихи және діни бағыттағы туристік аймақ саналады.

«Туристік кезең қалыпты өтеді. Алаңдауға еш негіз жоқ. Жер сілкінісі кезінде зардап шеккен Антеп қақпасына бұған дейін көптеген турист баратын. Хатайда да тарихи мешіттер бар. Бұл нысандарды қайта қалпына келтіру үшін барлық шара қолданылады. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде бұл нысандар жабық болуы мүмкін», - деді Уфук Екиджи.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама