×

Түркиядағы жер сілкінісі: қазақстандық құтқарушылар ең соңғы болып қайтты

Жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсеткен құтқарушыларға ақшалай сыйақы беріледі

 Айгерім Таубай 23.02.2023 | 12:40
фото: AFP 2023 / ADEM ALTAN

Түркияда іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Қазақстандық құтқарушылар шетелде 10 күн бойы жұмыс істеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Барған кезде Түркияның жедел штабының қарамағына кіріп, солардың тапсырмасы бойынша жұмыс істедік. 10 күн жұмыс істеп, 17 ақпанда жұмысты тоқтаттық. Газиантепте орналасқан дағдарыс орталығында Түркияның ішкі істер министрі мен жергілікті әкімдік Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен бірлесе, құтқарушыларды елге қайтару туралы шешім қабылдады. Қазақстандық құтқарушылар ең соңғы болып қайтты. Басқа республикалардан барған құтқарушылар 7-8 күн жұмыс істегеннен кейін қайтып жатты. Іздеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қайттық», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Вице-министрдің айтуынша, қазір Түркияда іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.

Сондай-ақ Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан құтқарушыларға сыйақы беріледі.

Президент құтқарушылардың марапатталатынын айтты. Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару операциясына қатысқандардың құжатын Президент әкімшілігіне жолдады. Ал ақшалай сыйақыны министрлік өз қаражатынан төлейді, - деді  вице-министр.

Айта кетейік, Түркияда болған жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін министрлікте 100-ге жуық адамнан тұратын топ құрылды. Құтқарушылар Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облысынан жиналды.

7 және 9 ақпан күні топ екі эшалонмен жолға шығып, қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында құтқарушылар 7 адамды құтқарды, 88 қаза тапқан адамның мәйіті табылды, оның ішінде 10 бала бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама