×

Ресей армиясында қызмет етіп жүрген жауынгер өз-өзіне қол жұмсады

Суицид жасаған сарбаз өлер алдында хат жазып қалдырған

 Дастан Жұмабекұлы 16.02.2023 | 10:24
фото: msk1.ru

Ресей армиясы қатарында жедел қызмет бойынша әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер дарға асылып қалды. Бұл туралы «Хартыя 97%» хабарлады.

20 жастағы Сергей Гридин әскерге Коми Республикасындағы Печора қаласынан келген. Ол осы кезге дейін №11361 әскери бөлімнің 2-қалқыма ротасында борышын өтеп жүрген. Алайда 10 ақпан күні қаруластары сарбазды өзінің белбеуіне асылып тұрған жерінен тауып алған.

Әскери бөлімдегілер оның қазасын жасырып бағуға тырысқан. Сөйтіп, суицид жасаған сарбаздың өлер алдында жазып кеткен хатын құртып жібергісі келген. Бірақ үлгере алмай қалған.

Ресей басшылығы басында берген уәдесінен айнып, Украинадағы соғысқа жедел қызмет жауынгерлерін жіберуді әлдеқашан бастап кеткен. Онда кеткендердің тірі қайтып жатқаны жоқ екені де қазір белгілі бола бастаған. Міне, өзінің «Украинаға ротация жасалатындардың» тізіміне кіргенін білген Сергей Гридин енді ол жақтан аман-есен орала алмайтынын біліп, өз-өзіне қол салуға шешім қабылдаған. Ол өзінің өлер алдында жазып қалдырған хатында «қолын бөтеннің қанына малғанша, өзінің туған жерінде өлгенін» жақсы көргенін айтады.

Қаруластарының айтуынша, ол өте мейірбан, бейбітшілік сүйгіш болған, соғысқа барып, біреуді өлтіруді қаламаған. Бірақ өзін соғыс болып жатқан жерге жібермеу жайлы айтқан өтінішінен кейін командование тарапынан қорлау мен мазаққа ұшыраған. Осыған шыдамаған ол өз-өзіне қол жұмсаған.

Мен қорқыныш пен жеккөрушіліктен басқа ештеңені бойыңа сіңірмейтін адамдарға бағынғым келмейді. Сендерге мені сындырудың орайы келген жоқ, енді келмейді де, – деп жазды 20 жастағы Сергей Гридин.

Сарбаз өзінің хатында Украинаға кеткендердің арасында тірі қайтқан ешкімнің жоқ екенін жазған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама