×

Үш оқушы жарақат алған мектепте арнайы күзет қызметі болмаған – Алтай Көлгінов

Петропавл мектебіндегі оқиға бойынша арнайы комиссия мен полиция мән-жайды анықтап жатыр

 Дәурен Ерболат 14.02.2023 | 13:01
фото: Halyq Uni

Петропавлдағы жасөспірім балтамен шабуыл жасаған мектепте күзет қызметі болмаған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, Петропавлдағы жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі шұғыл комиссия құрған. Бүгінде арнайы комиссия мүшелері қалаға жетіп, қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ полиция да тергеу жүргізуде. Осыдан соң нақты шаралар қабылданады, - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан соң.

Вице-премьер жасөспірім балтамен шабуыл жасаған Петропавлдағы мектепте қауіпсіздік тиісті деңдейде болмағанын атап өтті.

«Алайда бұл мектепте бейнекамералар болғанымен лицензиясы бар күзет қызметі болмаған. Біз әкімдіктерге барлық мектепте бейнекамера болуға тиіс деп талап қойып отырмыз. Әсіресе, қалаларда, аудан орталықтарында осы камералар полицияның жедел басқару орталығына қосылуы шарт. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек. Сондай-ақ турникеттерге қатысты да талап қойылған. Алайда бұл талапты барлық өңір орындамаған», - деді вице-премьер.

Алтай Көлгінов өңірдегі әкімдіктер оқушылардың қауіпсіздігіне жауап беретінін атап өтті.

«Қазір барлық өңірдегі мектептерге және білім басқармаларына ревизия жүргізіп, бәрін стандартқа сәйкес келтіруге тиіс. Мектептегі қауіпсіздік бәрінен маңызды. Бізде шалғайдағы аудандарда лицензиясы бар күзет қызметі жоқ деген деректер бар. Мектептердің 89%-ында дабыл батырмасы бар, 70%-дан астамында турникеттер мен лицензиясы бар әрі күзет қызметімен келісімшарт жасалған. Алайда күзет қызметі жоқ мектептер де бар. Онда мектептің өзінің күзеті тұр. Бірақ біз онда лицензиясы бар күзет қызметі болуы керек деп талап қойып отырмыз. Осыған мектептер жауап беруге тиіс», - деді Алтай Көлгінов.

Еске салайық, 13 ақпанда Петропавлдағы №4 мектепте 9-сыныпта оқитын жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған. Психатриялық есепте тұрған 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып барған.

Оқу-ағарту министрлігі Петропавлдағы жағдайдан соң еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздігі тексерілетінін хабарлады. Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавлдағы мектепте болған оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне, Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктеріне арнайы тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама