×

«Сотталғандар да қатыса алады». Сайлауға өзін-өзі ұсынушылар нені білуге тиіс

20 жастан бастап мәслихатқа түсуге болады

 Айнұр Шошаева 31.01.2023 | 17:04
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына бір мандаттық округ бойынша кімдер қатыса алатынын және оларға қойылатын талаптар туралы айтты. 

Былтыр елімізде 1998 жылы қабылданған Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізіліп, сайлауға бір мандаттық округтан қатысу туралы норма енгізілді. Кандидат Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына өзін-өзі ұсыну үшін алдымен тиісті округтік сайлау комиссиясына жүгінеді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлауға қатысуға ниеті бар азамат өзінің қай аумаққа барып өтініш беретінін аталған комиссиялардан біле алады. Сонымен, кандидат өзінің тиісті округтік комиссиясына барып, бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша дауысқа түсу ниеті туралы өтініш береді. 

Өтінішке қосып, өмірбаяндық деректері, өзінің және зайыбының (жұбайының) активтері туралы декларацияны тапсырғанын растайтын анықтама тапсырады. Сондай-ақ үміткер сайлау жарнасын төлегенін растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Мәжіліс сайлауы үшін жарна көлемі 1 050 000 теңге, ал мәслихат сайлауы үшін 350 000 теңгені құрайды. 

Өзін-өзі ұсыну бойынша жасы 25-ке толған кез келген Қазақстан азаматы Мәжіліс депутаты, жасы 20-ға толған азамат мәслихат депутаты бола алады. Алайда кейбір азаматтарға сайлауға үміткер ретінде қатысуға заң бойынша тыйым салынған.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды. Сонымен қатар, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Парламенттің және мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды, – дейді ОСК. 

Яғни, бұрын сотталған және заңға сай тиісті жазасын өтеп шыққан азаматтар сайлауға қатыса алады. Алайда, жемқорлықпен сотталғандардың жазасын өтеп шыққаннан кейін де сайлауға қатысу құқығы болмайды.

Айта кетейік, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде, егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі басқа кандидаттарға қарағанда оның кандидатурасын жақтап дауыс берсе, кандидат сайланды деп есептеледі. Сол сияқты мәслихатқа өзін-өзі ұсынған кандидат басқа қарсыластарына қарағанда көп дауыс жинаса, депутаттыққа сайланған болып есептелінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама