Апелляциялық сот отырысы бірінші ақпанда жалғасады
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты апелляциялық сот отырысы бірінші ақпанда жалғасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана сотының апелляциялық алқасы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап жатыр.
30 қаңтарда өткен сот отырысында жәбірленуші тарап – денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Динара Балтабекова сөйледі.
Сот отырысы барысында денсаулық сақтау министрлігінің өкілі слайд көрсетті. Алайда Олжас Әбішев слайдтағы материалдар автордың рұқсатынсыз пайдаланылғанын айтты.
«Құрметті сот! Министрлік өкілі көрсетіп жатқан слайдта мен жасаған презентациядағы материалдар қолданылған. Материалды қолдану үшін менен рұқсат алмады. Не себепті бұл материалдарды қолданып жатыр? Әлде сіздерге рұқсат алудың қажеті жоқ па? Соттан министрлік өкіліне ескерту жасауды сұраймын», - деді Олжас Әбішев.
Министрлік өкілі Динара Балтабекова сот отырысы барысында көрсетілген материалдарды қолданғанын растады.
Сотталған азаматтардың адвокаттары судьядан сот отырысына министрлік өкілі дайындықсыз келгеніне назар аударуды сұрады. Сондай-ақ сот отырысына қатысушылар министрлік өкілінен іс материалдарымен толық танысуға уақыт қажет пе сұрады.
Егер мәліметтің қай томда, қай бетте екеніне сілтеме жасау қажет десеңіздер, дайындалуға уақыт қажет, – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Апелляциялық сот отырысы бірінші ақпанда 15:30-да өтеді.
Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты. Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.
9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бұған дейін Елжан Біртанов апелляциялық сот отырысында даулы іс бойынша құжатқа Алексей Цойдың қол қойғанын айтты.