×

Апелляциялық сотта Біртанов ісіне Алексей Цойдың қаншалықты қатысы бары айтылды

Елжан Біртанов 2017-2020 жылдары денсаулық сақтау министрі болды

 Айгерім Таубай 17.01.2023 | 18:06
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов апелляциялық сот отырысында даулы іс бойынша құжатқа Алексей Цойдың қол қойғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«...Ол кезде мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде вице-министр болдым. Министрліктегі цифрландыру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытына вице-министр Алексей Цой жауапты болды. Бұл жобамен ол айналысты. Тендер комиссиясының төрағасы болған. Компанияны екі кезең бойынша таңдап, келісімшартқа қол қойған. 2015 жылдың соңынан бастап, Олжас Әбішевке өкілетін берген 2018 жылға дейін осы жоба бойынша жұмыс істеді. Яғни, 2016, 2017 және 2018 жылдың жарты жылында бұл жобаға Алексей Цой және цифрландыру департаменті жауапты болды. Жұмыстың жолға осылай қойылғанын мен де іс материалдарымен танысқан кезде білдім», - деді Елжан Біртанов.

Платформаға байланысты келісімшартқа жұмысты аяқтау уақытына қатысты қосымша бірнеше келісім жасалған.

«Айыптау актісінде бізге қатысты «2017 жылдан бастап арам қылмыстық ойын жүзеге асырған» деп көрсетілген. 2017 жылдың басында денсаулық сақтау министрлігі екіге бөлініп, мен министр болып тағайындалдым. 2017 жылдың қаңтарына дейін мен ол бағытта жұмыс істеген жоқпын. Себебі Цой екеуміз тең деңгейдегі вице-министр болдық. Алексей Цой жұмысты өзі атқарып, қосымша келісімге қол қойды. 2017 жылы мен министр болған кезде Цой әрі қарай цифрландыру бойынша жұмыс істеуді жалғастырды», - деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Айтуынша, жұмыс көрсетілген уақытта аяқталмаған соң министрлікте ішкі тексеру жүргізілген. Сол кезде Алексей Цой жұмыстың 60 пайызы дайын екенін мәлімдеген.

«Келісімшартта денсаулық сақтау министрлігі тарапынан барлық шешімді жобаға жауапты адам қабылдайды деп нақты жазылған. Яғни ол адам – келісімшартқа қол қойған Алексей Цой. Келісімшартта Цойдың немен айналысатыны, цифрландыру департаментінің басшысы Бейбіт Есенбаевтың немен айналысатыны нақты жазылған. Сотта бұл келісімшартты көрсеттік. Жобаға жауапты – Цой, жоба менеджері – Есенбаев. Алексей Цой, Бейбіт Есенбаев өз бетінше 2017 жылы жиналыс өткізіп, келісімшартты 2018 жылға дейін созғанын растады. Мұны дүниежүзілік банк және үкіметпен келіскен. Осылайша ақша 2018 жылға аударылды», - деді Елжан Біртанов.

Айыптау актісінде келісімшартты Елжан Біртанов 2018 жылға созуға тапсырма берді делінген.

«Алексей Цой бұл жоба бойынша Біртановтың ешқандай тапсырма бермегенін айтты. Мүлде. Басында да, соңында да. Ал 2018 жылға жобаны аяқтауға бөлінетін қаржыны парламент қолдады. 2018 жылы ішкі аудитке тапсырма беріп, бұл жобаға қатысты тексеру жүргізілді. Олар бірқатар бұзушылықты анықтады, оның ішінде департаменттің жұмысты дұрыс бақыламағаны белгілі болды. Департамент директоры Есенбаевқа сөгіс жарияланды. Цойды премьер-министр тағайындағандықтан, оған хат жазып, бұл тікелей жауапты жұмысы екенін айттым. Бұл жобаны мықтап бақылауда ұстауы қажет еді. Бірақ департамент директорына сөгіс жарияланған соң оған сөгіс бермеді», - дейді Біртанов.

Айтуынша, бұл мәселе туралы Біртанов премьер-министрге хат жазған. Ол өзінің проблеманы жасырмағанын айтты.

«2018 жылы жұмыс жалғасты. Сол жылы президенттің келісімімен Олжас Әбішев жобаға жауапты вице-министр болды. Содан кейін жоба бойынша жұмыстар алға басты. (...) 2018 жылдың қыркүйегінде Ericsson Nicola Tesla келісішартқа сәйкес жұмысты аяқтағанын, қабылдауды бастау қажет екенін айтты. Келісімшатқа сәйкес, жұмыс үш кезең бойынша қабылданады. Қосымша келісім жасалып, ақша төлеп, жұмысты қабылдап алатынымыз айтылды. Оны Қаржы министрлігі қабылдады, қазынашылық комитетімен келісілді. Қызметтік құжаттың бәрі бар. Бұл жерде қылмыс құрамы жоқ, керісінше жұмысты аяқтау міндеті тұрды. Ericsson жұмыс дайын екенін айтты, ол тестілеуден өтті. Мұны денсаулық сақтау министрлігі қабылдап алды. Платформаны қабылдаудың келесі кезеңіне өтті. Ол – пилоттық пайдалану. Оның өткізілгенін куәгерлер растады», - дейді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі мен платформаны жасап шыққан Ericsson компаниясы арасындағы келісімшарттың уақыты 2021 жылдың қарашасына дейін деп бекітілген. Алайда платформаға жауапты Олжас Әбішев 2020 жылы қамауға алынып, сол уақытта платформа бұғатталған.

«Платформаны жасап шыққандар тарапынан ешқандай қателік жоқ. Олар барлық жұмысты атқарды. Жалғыз қателік – бізге бұл жұмысты соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермегені. Істі сотқа жеткізу үшін бұл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді», - деді Біртанов.

Апелляциялық сот отырысы жалғасып жатыр.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты.

Сот шешімімен Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің үшінші тармағында көзделген қалмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Сондай-ақ сот Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтен Денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына тең үлесте 1,350 миллиард теңге өндіріп алынатынын айтты. Сот сотталушыларға азаматтық талапты ерікті түрде орындау үшін үш ай мерзім белгіледі.

2022 жылдың 9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама