×

Қазақстан азаматының қанша гектар жер иемдене алатыны белгілі болды

Заңды тұлғалар үшін 51 мың гектар мөлшерінде белгіленген

 Дәурен Ерболат 23.01.2023 | 11:06
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Қазақстан азаматының иелігінде болуы мүмкін ауылшарушалық мақсатындағы жердің шекті мерзімі бекітілгенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 11 қаңтарда Үкімет жер пайдалану құқығы бір қолда болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын мақұлдаған.

«Қазақстан бойынша орта есеппен, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті (ең жоғары) мөлшері 35 мың гектар, заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектар мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте осы норма енгізілгенге дейін берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізіледі», - деді Әбілхайыр Тамабек министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Вице-министр жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

«Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарды айқындауды, жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар салатын айыппұлдардың шекті мөлшерін ұлғайтуды, сондай-ақ әкімдіктердің лауазымды адамдарының сауда-саттық пен конкурстарды өткізбеу және уақытылы өткізбеу жауапкершілігін анықтауды және тағы басқа мәселелер бойынша өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Биыл 18 қаңтарында заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жолданды», - деді вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама