×

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен АЕК: жәрдемақыны есептеу жүйесі өзгере ме?

2025 жылдан бастап кедейлік шегі медиандық табысқа қарай бекітіледі

 Ербол Тұрымбет 13.01.2023 | 15:54
Коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова 2022 жылдың 5 желтоқсанындағы Үкімет сағатында айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) экономикаға да, жалақы мөлшеріне де еш қатысы жоғын, сондықтан әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуде бірыңғай көрсеткішті негізге алу керектігін айтқан. Оған мысал ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе төменгі жалақы мөлшерін алуды ұсынған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Halyq Uni редакциясына берген ресми жауабында депутаттың ұсынысын қолдамайтынын білдірді. Министрліктің мәлімдеуінше, қазір мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЕХӘҚМ экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ең төменгі жалақыны айқындаудың әдістемесін әзірлеп жатыр.

Министрлік мәліметінше, ең төменгі жалақы стандарты еңбек қатынастары жүйесі көрсеткіштерінің бірі. Ал мемлекеттік жәрдемақылар азаматтардың ең осал санаттарын әлеуметтік қорғау жүйесіне жатады. Соған байланысты қазір әлеуметтік зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшерін белгілеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) сияқты көрсеткіштер пайдаланылады.

Қазақстанда ЕТКД базалық зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін бекіту үшін, ал АЕК азаматтардың жекелеген санаттарына басқа қосымша әлеуметтік қолдаулар көрсетудің мөлшерін анықтау үшін қолданылады. ЕТКД және АЕК мөлшері жыл сайын инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып белгіленеді, делінген ресми жауапта. 

Әлемдік тәжірибеде ЕТКД өмір сүру деңгейінің көрсеткіштерінің бірі ретінде қолданылады әрі оны кедейлік шегін анықтау үшін де пайдаланады. Яғни, «кедейшілік шегін» және халықтың ақшалай кірісін немесе тұтыну деңгейін ЕТКД-мен салыстыру абсолютті кедей халықтың үлесін анықтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен ЕТКД абсолютті кедейлік критерийі ретінде танылғанымен, ол әлеуметтік көмек көрсетудің міндетті шегі ретінде қолданылады дегенді білдірмейді. ЕТКД-ні кедейліктің абсолютті шегі деп қарайтын елдердің көбінде халықтың әлеуметтік осал санаттарына берілетін әлеуметтік аударымдардың шарттары мен мөлшері экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерге қарай есептеледі.

Біздің елде АӘК-тің орташа мөлшері өңірлік ЕТКД-мен есептеледі. Әлеуметтік кодекс аясында 2025 жылдан бастап кедейшілікті анықтауды медиандық табысқа көшіру көзделген. Бұл аз қамтылған халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшеріне оң әсер етеді.

Сондай-ақ, депутат төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші нақты жағдайдан қалыс қалып келе жатқанын да айтқан еді. Сондықтан төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жаңарту мәселесін көтерген болатын.

Министрліктің жауабынша, ЕТКД әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттардың бірі.

Қолданыстағы әдістеме бойынша күнкөріс деңгейі екі бөліктен тұрады:

  • азық түлік себетінің құрамы мен құнын негізге ала отырып айқындалатын азық-түлік себетінен;
  • азық түлік емес тауарлар мен қызметтердің құны кіретін, бекітілген 45% үлес түріндегі азық-түлік емес бөліктен тұрады.

Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлерінің бұйрығына сәйкес, азық-түлік өнімдерінің ең аз жиынтығы тәуліктік энергетикалық құндылығы 2 175 ккал-дан кем болмайтын азық-түлік өнімдерінің 43 түрін қамтиды.

Елімізде халықаралық және ұлттық сарапшылардың бірге жүргізген зерттеулерінің қорытындылары бойынша Қазақстанда пайдаланылатын ЕТКД шамасын айқындау әдістемесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тамақтануға қойылатын халықаралық талаптарына сәйкес деп танылған.

ЕТКД мөлшерін қайта қарау мәселесі зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу керек болады. Осыларды ескере келгенде ЕТКД анықтау әдісін жетілдіру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама