×

«Маған не істей аласыңдар?». Жанармай құюшы жігіт кассир әйелді өлімші етіп сабаған

Аузы-басы қанға боялып отырған оны тұтынушылар видеоға түсіріп алған

 Еркеғали Болатұлы 08.01.2023 | 13:35
фото: дереккөз

Алматыда Petrol Asia жанармай құю бекетінің жұмысшысы әріптес әйелді соққыға жықты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Оқиға 6 қаңтарда таңғы сағат 7 шамасында болған.

Жанармай құятын адам маған пластикалық ыдысқа жанармай құйып бер деді. Туысына беретінін айтты, мен көнбедім. Ол мені балағаттады. Сәлден кейін жылыту құрылғысын сұрады. Мен ашуланып отырып, оны да бермедім. Сәлден соң шақырып, жылытқышты ал дедім, ол келмеді, - дейді кассир Толқын Талқанбаева.

Таңғы кезегін өткізген ол жанармай құю станциясынан сыртқа шыққан кезде ашулы әріптесі камерасыз тасаға апарып, бетінен аяусыз соққылай бастаған. Аузы-басы қанға боялып, кассада отырған Толқын Талқанбаеваны тұтынушылар видеоға түсіріп алған.

Сол жерге полиция келген. Апайымды ауруханаға апарған. Тістері босап, мұрны сынып кеткен. Әріптес ер адам оның басын темірге соққан. Таңғы 7-ден кешке дейін апайым ауруханада жалғыз жүрген. Басшылығы ешбір шара қолданбаған. Антонина есімді басшысы «Маған не істей аласыңдар?» деп жауап берді, - дейді жәбірленушінің туысы Шынар Бақбергенова.

«Толқынның тісі сынған жоқ, жай ғана аузы қанады» деген Petrol Asia бекетінің менеджері оқиғаға қатысты жауап беруден ат-тонын ала қашты. Ал үлкен басшылық тілшілер жіберген сауалға тіпті үн қатпаған.

Туыстарының айтуынша, Толқын Талқанбаеваның жағдайы ауырлап барады. Олар соққыға жыққан жұмысшы мен немқұрайлы қараған басшылық жауапкершілікке тартылса дейді. Ал полиция істің мән-жайы тексеріліп жатқанын айтты.

«Бұл оқиғаға байланысты полиция жанармай құю бекетіне барды. Адамға дене жарақатын салған адамның үстінен жәбірленуші арыз жазды. Іс тексеріліп жатыр», - деді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама