×

«Ақылды адамдардың кетуі». Оқыған жастардың дені шетел асып жатыр

Қазір елімізде 923 мың жұмыс орны бос тұр

 Еркеғали Болатұлы 06.01.2023 | 09:48
фото: Кирилл Каллиников

Былтыр жұмыс іздеп 8 мыңға жуық қазақстандық шекара асқан. Қомақты қаржыға кенелгісі келетіндер негізінен 18-35 жас аралығындағылар екен.

Жақсы өмір аңсап, сыртқа кететіндердің көпшілігі – білімді жастар. Тіл білетін болған соң, өзіміздегі жалақы оларды қанағаттандыра қоймайтын көрінеді. Әсіресе техникалық маман иелері мен дәрігерлер өзге елден нан тауып жүр.

Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлық аз болды. Кореяда 1 айда тапқанымызды Қазақстанда 3-4 айда табамыз. Тұратын үйіміз бар. Жұмысымызда таңғы, түскі, кешкі тамақ береді. Жататын жеріміз тегін, - деп келтірді «Астана» телеарнасы Оңтүстік Кореяға кеткен жұмысшының сөзін.

Қазақстанда өз ісінің білікті мамандары жалақысының жоғары болғанын талап ететінін экономист Ғалымжан Керімбек те растап отыр. Ал жұмыс беруші олардың сұрағанын бере алмайды. Сол себепті, шекара асатын жастар қатары күннен-күнге артып барады.

Қазақстанның өзінде білікті мамандар, жұмысшылар жетіспей жатқан кезде бұл біздің экономикамыздың, оның ішінде өндіріс салаларының құлдырауына, тоқтап қалуына әсер етеді. Біздің жастарымыз 4 жыл, 5 жыл білім алады да, жұмысқа барайын десе жалақысы төмен, сондықтан олар төмен жалақымен жұмысқа барғысы келмейді, - дейді экономист.

Әрине, білікті кадрлар өзімізге де керек. Қазір елімізде 923 мың жұмыс орны бос тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, есепші мамандығы бойынша 97 540 орын бос. Күзетші, инкассатор және соған байланысты кәсіптерге – 84 076, дүкен сатушысы және олардың көмекшісіне – 73 368, әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғаліміне – 50 343, автокөлік жүргізушісіне – 49 127, күтім бойынша орта медициналық персоналға 43 801 адам қажет екен.

Алайда 15 жыл ішінде Қазақстаннан сыртқа кеткендердің көпшілігі – техникалық кәсіпті меңгергендер. Әр үшінші эмигрант – жоғары білімді, әрбір төртіншісі – орта білімді. Мамандар бұл тенденцияны «ақылды, қабілетті адамдардың кетуі» деп түсіндіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама