×

«Мектеп директорларын қазақша тестен өтуге міндеттеу керек». Форумға қатысушылар бастама көтерді

Форумда бас-аяғы 8 жоба қаралды

 Ербол Тұрымбет 15.03.2022 | 11:18

Елордада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы астаналық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» I форумы өтті. 

Форум қатысушыларының айтуынша, елдегі орыс мектептерінде оқып жатқан балалардың 63% - қазақ балалары. Ал аралас мектептерде қазақ тілі қолданылмайтындықтан, олар орыс мектептерінің баламасы болып кеткен. Сайып келгенде мектеп бітіруші түлек қазақ тілін меңгермей шығады. Форумға қатысқан елордадағы № 90 гимназиясының директоры Аятжан Ахметжан мәселенің шешімі ретінде мектеп директорларына мемлекеттік тілді міндетті тест ретінде енгізуді ұсынды. Өйткені, мектептегі тәрбиеге қатысты шараның бәрін директор ұйымдастырады. Қоғам белсендісі директор қай тілде сөйлесе, мектептегілер де сол тілде сөйлейтінін меңзеді.

Аятжан Ахметжан мектеп директорларына қатысты қарапайым мысал келтірді. Мәселен, елордада орыс тілінде білім беретін небәрі 8 мектеп бар екен. Ал қазақ мектептерінің саны 30-дан астам. Қалғаны - аралас мектептер. Дегенмен, сол 90-ға жуық директор орыс тілінде білім беретін 8 мектеп үшін шараны орыс тілінде өткізеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, алғашқы форум тілге қатысты ауқымды мәселелерді қамтуға негізделмеген. Әйтсе де тіл меңгеруге қатысты ұтымды жобаларды қарастыратынын айтты.

Жастардың көбі интернетке байланысты ақпараттық, қызықты жобалар ұсынып жатыр. Соларды қарастырамыз, талқылаймыз. Өйткені, қазақ тілін мәжбүрлеп жаттатқыза алмаймыз. Бірақ қызықтыру керек, соның үздік нұсқаларын талқылаймыз. Форумның форматы осы, - деді ол.

Филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Мәлік «Körneki» деп аталатын жобасын ұсынады. Онда көшеде тұрған жарнама мен басқа да маңдайша атауларыедағы қателіктерді тез арада түзетуге мүмкіндік бар. Ол үшін Telegram желісінде бот-канал ашылған. Яғни, ол call-орталық сияқты жұмыс істемек.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин ұсынған «Sözwar» (сөйлесу клубы) жобасы көбіне солтүстік өңір азаматтарына арналғанын айтады. Клуб қазақша сөйлеу қабілетін жетілдіргісі келетін азаматтар үшін арналған. Клуб орталықтары қазірдің өзінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда ашылған. Ендігі мақсаты – солтүстік өңірлер. 

«Қазір клубтың жұмысын әлеуметтік желіде насихаттап жүрміз. Хабарласып жатқан азаматтар өте көп. Бір қызығы, солардың көбі солтүстік өңірлердегі өзіміздің қаракөздер. Олар клуб арқылы өзінің тіл білу жағдайын жақсартқысы келеді. Ниеті жақсы. Бірінші кезекте солтүстік өңірлерде клуб орталығын ашуды көздеп отырмыз. Бұл қазіргі күннің ең маңызды талабы», - дейді Максим Рожин.

Форумда бас-аяғы 8 жоба қаралды. Енді сол жобаларды жүзеге асыру үшін қоғам өкілдері демеушілер іздейді.

Айта кетейік, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы — қазақ тілі, мәдениеті, әдебиеті мен тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ынталы Қазақстандағы және шетелдегі азаматтарды біріктіретін ерікті ұйым. Қоғам 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылды. Мақсаты – мемлекеттік тілдің ғылым, мәдениет, экономика, іс жүргізу тілі ретінде және оның құқықтық қатынастардың барлық саласында қолданылуына ықпал ету. Бүгінде Қазақстанда және дүние жүзі бойынша қоғамның 100 мыңға жуық мүшесі бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама