×

Астана мен Алматыда Жаңа жыл мерекесі қалай атап өтіледі?

Мерекелік іс-шаралар қала әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өтеді

 Динара Амантай 29.12.2022 | 09:52
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа 2023 жыл қарсаңында Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері кез келген жастағы қонақтар мен қала тұрғындарына арнап бірқатар мерекелік іс-шара өткізбек, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астанада «Жастар» театрында 29 желтоқсан күні түстен кейін «Золушка» ертегісін көрсететін жаңа жылдық ертеңгіліктер ұйымдастырылады. Қуыршақтар театры 28-30 желтоқсан күндері көрермендерге арнап «Жаңа жыл» қуыршақ шоуын өткізеді.

29 желтоқсанда сағат 11:00 және 15:00-де мемлекеттік академиялық филармонияда «Қояндар» атты жаңа жылдық шоу-спектакль өтеді. Сол күні сағат 10:00, 12:30 және 15:00-де, сондай-ақ 30 желтоқсанда сағат 12:30-да «Жастар» сарайы жаңа жылдық «Қоянды кім ұрлап кетті?» атты ертеңгіліктерін, сол сияқты оқушыларға арналған би кешін өткізеді.

Сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин мұражайы №80 мектеп оқушыларымен кездесу өткізеді.

QAZAQSTAN ОКЗ сахнасында сағат 19:00-де Neprosto orchestra концерті өтеді. Осы уақытта «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» опера-балет премьерасын ұсынады.

29, 30 және 31 желтоқсан күндері сағат 19:00-де «Астана Балет» театрында Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» қойылымы көрсетіледі.

31 желтоқсанда сағат 11:00 және 13:00-де Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында Уфимцевтің «Щелкунчик» ертегісінің премьерасы өтеді.

Сол күні сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін «Жаңа жыл – жаңа жол» концерті елорданың барлық ауданының елді мекендерінде, нақтырақ айтқанда Кирпичный, Өндіріс, Көктал, Үркер, Интернациональный елді мекендерінде ұйымдастырылады.

Қалалық алаңда, «ЭКСПО» көрме орталығының жанындағы алаңда, «Қазақ елі» монументінің жанында сағат 22:00-ден 03:00-ге дейін кешкі мерекелік концерт өтеді.

Жаңа жыл қарсаңында сағат 00:00-де Астанада демеушілік қаражат есебінен салют ұйымдастырылады. Салют екі орында өтеді. Оны Есіл өзенінің жағасындағы Кенесары хан ескерткіші маңынан, Ботаникалық бақтан, Қабанбай батыр мен Бұқар Жырау даңғылдарының қиылысы аумағынан көруге болады. Салют биіктігі: төменгі 70 метр, орташа 120 метр, жоғарғысы 180-210 метр. Барлығы 3,5 мың отшашу атылады.

Ал Алматыда қала қонақтары мен тұрғындары үшін 20 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін Республика Сарайының аумағында жаңа жылдық фестиваль өтеді.

Фестиваль аясында Абай алаңында 26 сәндік кіші сәулет пішіндер (КСП), түрлі дүкендері мен мейрамханалары бар 30 үй, сондай-ақ фотоаймақтар орнатылды, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер жоспарланған:

- 29 желтоқсанда сағат 18:40-та сахнада Ninety one тобы мен Asia лайв-бенд өнер көрсетеді;

- 30 желтоқсанда сағат 18:40-та Nazima және Ava Band лайв-бенд қойылымдары өтеді:

 - 3 қаңтарда сағат 18:40-та лайв-бенд Guinness.

Негізгі мәдени шаралар 31 желтоқсанда «Астана» алаңында – сағат 21:00-ден 23:50-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Кештің жүргізушілері Данияр Батырбаев, Дәулет Бижанов және Анара Батырхан. Сахнада Абай Бегей, Мәдина Сәдуақасова, Мөлдір Әуелбекова, Рано Омарова, Парвиз Назаров, Luina, Асхат Тарғын, Димаш Дәулетов, Нұрсұлтан Нұрбердиев, «Орда», Ninety One, «КешYоu», «Жігіттер», «Шамис» топтары, Бүркіт пен Аиша, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев өнер көрсетеді. Президенттің құттықтау сөзінен кейін қалада 10 минутқа дейін созылатын мерекелік отшашу болады.

Жаңа жылдық қысқы фестиваль жаңа жылдық сыйлықтар бойынша тамаша идеялары бар қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілердің  өздері жасаған ағаш ойыншықтар, зергерлік бұйымдар, балауыз шамдар, тоқылған аксессуарлар, сыйлықтарды безендіру, ересектер мен балаларға арналған киім-кешектер ұсынатын жаңа жылдық жәрмеңкеге жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама