×

Халық жазушысы, ғалым, сатирик: 2022 жылы өмірден өткен тұлғалар

2022 жылы елдің бетке ұстар бірқатар азаматы қайтыс болды

 Айгерім Таубай 23.12.2022 | 09:50
Фото: sputnik.kz

Қазақстандықтар 2022 жылы әр салада қызмет еткен бірқатар азаматтан айырылды. Олардың арасында халық жазушысы да, елдің сүйіспеншілігіне бөленген сатирик те бар. Сондай-ақ бірнеше салада көп жыл бойы еңбек еткен ғалымдар дүниеден өтті.

Halyq Uni 2022 жылы қайтыс болған азаматтарды еске алды.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

Бесінші ақпанда қалың қазақ Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен айырылды. Жазушы 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімімен «Қан мен тер» трилогиясы қатар аталады. Жазушының өмірбаянына көз жүгіртсек, Нұрпейісовтің балалық шағы зұлмат жылдарға, өсіп өркендеген кезі сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келіп, қалыптасып, кемелденуі Кеңес дәуірінде өткен.

«Өмірдің мәні... дүниеге келген адам өзінің қабілетіне қарай күрескер болуы керек. Менің қолымнан келетіні – жазушылық. Бар талантымды, бар энергиямды, күш-қуатымның бәрін... бір жол жазсам да, күреспен жаздым. Әр жолға бар қабілетімді, күшімді салып жаздым», - деген Қазақстанның халық жазушысы сұқбаттарының бірінде.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген.

«Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: «Қай күні тудым?» деп сұраған едім, «Оны қайтесің?» деді. Комсомолға өтейін деп едім дедім. Ит біліп пе? Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін деді», - деп жазды Нұрпейісов өз естелігінде.

Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. 

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.

1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітірген.

Ол – үш кітаптан тұратын «Қан мен тер»трилогиясының авторы: 1-кітап – «Ымырт» (1961 жыл); 2-кітап – «Сергелдең» (1964 жыл); 3-кітап – «Күйреу» (1970 жылы).

КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. 

Әбдіжәміл Нұрпейісов Алматыда қайтыс болды.

26 қарашада жазушы Мархабат Байғұт 77 жасында дүниеден өтті.

Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. 

Мархабат Байғұт – «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түс», «Машаттағы махаббат»,«Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар» кітаптарының авторы.

ҚАЗАҚ БАЛЕТІНІҢ АҢЫЗЫ ӨМІРДЕН ӨТТІ

13 желтоқсанда Қазақ КСР Халық әртісі, балет актері Болат Аюханов 85 жасында қайтыс болды.

Болат Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. 1955 жылы Алматы хореографиялық училищесін бітірген.

Еңбек жолын Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет солисі болып бастаған. Ол кезде Болат Аюханова небәрі 19 жаста болған.

26 жасында «Алматының жас балеті» (Молодой балет Алма-Аты) хореографиялық миниатюралар ансамблін құрды. Аюханов оның тұрақты жетекшісі, педагогі, орындаушысы, концертмейстері болды.

Бибігүл Төлегенова Болат Аюханов пен қазақ балеті ұғымы синоним екенін айтқан.

«Кеңес Одағы тұсында 26 жасында жаңа труппаны құру – ешкімнің қолынан келмейтін іс», - деген шетелдік журналист Ульяна Гаврилова.

«Мен Ленинградта Исаак Милейковскийден дәріс алдым. Ол мені алғаш көрген кезде «Жас жігіт, сен не қалайсың?» деп сұрады. Мен Чайковскийдің «Пиковая дамасын» ойнағым келетінін айттым. Себебі ол жерде динамика, психологизм және музыка бар еді. Оқып жүрген кезде әдебиеттанудан хабарым аз екенін ұқтым. Ол кезде мен үшін бәрі жаңа болды», - деген сұқбатының бірінде Болат Аюханов.

Болат Аюханов «Дұшпан, тоғызыншы ұлдан қорық», «Әлсіз әйелдің оқиғасы», «Мадам Вонгтың құпиясы», «Несібелі», «Айдай сұлу Айсұлу туралы аңыз», «Қараңғылық мырзасы» фильмдеріне де түскен.

КӨПЕН КЕТІП БАРАДЫ...

9 қарашада белгілі сатирик, журналист Көпен Әмірбек дүниеден өтті. Ол 1950 жылы 29 наурызда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елдімекенінде дүниеге келген.

«1959 жылы бір отар қойды бағып жүрген әкемнің ағасы Сәрсен атам дүниеден озды. Әке-шешем малды тастап, ауданның орталығы – Шәуілдірге көшіп келдік. Әкем қоржын там салды. Сол жерде Әбу деген ұста бар екен. Күнде барып, ол кісінің ағаш жонғанын қызықтаймын. Бір күні «бас бармағыңды көрсетші» деді. «Бармағың қайқайып тұр ғой, ұста боласың» деді. Содан ағаш ұстасы болуды армандадым. Одан кейін суретші болғым келді», - деген Көпен Әмірбек сұқбатының бірінде.

Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.

Көпен Әмірбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған.

Көпен Әмірбек «Ара» журналында жұмыс істеп жүрген жылдары алғашқы жинаған шығарған. Оған «Аты жоқ кітап» деп ат қойған – Оспанхан Әубәкіров. Аты жоқ болса да бұл кітап, аты бар талай кітаптан алға озды. Содан кейінгі жылдары «Тілім қышып барады», «Па шіркін», «Пародия» кітабы басылды.

ТЕЛЕВИЗИЯ ЖӘНЕ РАДИО АРДАГЕРІ ӨМІРДЕН ӨТТІ

6 сәуірде радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Әбдірәлі Бөлебай өмірінің соңында дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарды.

Әбдірәлі Бөлебай 1953 жылдың 25 желтоқсанында Жамбыл облысы Ерназар ауылында дүниеге келген.

Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені (1971), Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірді (1976).

1983 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық теледидар және радио қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтынан дәріс алды.

Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің көмекшісі болып бастады. Көп ұзамай 250 үміткердің ішінде «Қазақ» радиосына диктор болған.

БЕЛГІЛІ АКТЕРДІҢ ҚАЗАСЫ

20 қаңтарда белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай 72 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Төлеубек Мұхамеджанұлы –  ұлттық кино өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан дарынды актер.

Ол әр жылдары түсірілген «Айдаһар жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Азиат», «Қыз жылаған», «Мұстафа Шоқай», «Рэкетир», «Ликвидатор», «Жаужүрек мың бала» сынды көптеген фильмге түскен.

2018 жылы Төлеубек Аралбай «Біздің қаланың ханзадасы» фильміндегі рөлі үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальде «Үздік актер» жүлдесімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбайдың туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Төлеубек Мұхамеджанұлы қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Отандық кино мен телесериалдардың сәнін кіргізіп, актерлік шеберлігімен көрермендер көзайымына айналды. Ұстаз ретінде көптеген таланттардың жолын ашты. Театр және кино өнерін өркендетуге мол үлес қосқан Төлеубек Мұхамеджанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ҮШІН АУЫР ЖЫЛ

2022 жылы қайтыс болғандар арасында бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева да бар. Қоғам қайраткері, ғалым 8 сәуірде дүниеден озды.

Шәмшә Беркімбаева мектеп директоры, Білім министрінің орынбасары, Сенат депутаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ректоры, Білім және ғылым министрі қызметтерін атқарған.

20 ақпанда Еуразия ұлттық университетінің тұңғыш ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Амангелді Құсайынов 1942 жылы Павлодар облысында Ертіс ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. 

Еңбек жолын туған ауылындағы 7 жылдық мектебінде мұғалім болып бастаған. Одан кейін Алматы медициналық институтында еңбек етті. ҚазМУ-де аспирант, аға оқытушы, доцент, проректордың орынбасары болды. Ал 1992 жылдан бастап Ақмола педагогикалық институтын басқарды. Артынан институттың негізінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды.

21 желтоқсанда ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы 83 жасында қайтыс болды.

Амангелді Айталы 1939 жылы 10 қыркүйекте туған. Ол философия ғылымдарының докторы, профессор.

«Ішкі мәдениетімізді көтерудің жолы бар. Халықтың рухы – аса байлар мен аса кедейлердің емес, орта деңгейдегі интеллигенция. Олар: мұғалім, дәрігер, инженер, орта деңгейдегі әскери шенді мамандар. Бұларға ел, халық бәрібір қымбат. Олардың жалақысын көтерейік деген идея дұрыс. Қарны тоқ, анау-мынау мәселеге алаңсыз болған адам рухани мәселеге қалай ауысады?», - деген сұқбатының бірінде Амангелді Айталы.

Амангелді Айталы 1959-1964 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқыды. 1964-1967 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында білім алды.

Еңбек жолын 1959 жылы бастауыш сыныбының мұғалімі болып бастаған.

Содан кейінгі жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогика иниститутында аға оқытушы, философия және ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды.

«Нарықтың білім жүйесіне қарай ауысқаны біздің білімімізге пайда әкелмеді. Университет студенттерінің бестен бірі шәкіртақы алады, қалғаны ақылы бөлімде оқиды. Біз үшін – университет басшылары үшін ол тек студент емес, ол – бізді асыраушылар. Бұрын біз оларға басқаша қарайтын едік, интеллигенцияның болашақ өкілі деп қарайтын едік. Оқымаса, жалқау болса, оқудан шығатын. Қазір ондай талап жоқ. Оны бала да біледі. Оны оқудан шығарса, баламен бірге ақша да кетеді. Осы мәселеге білімге үлкен зиянын келтіріп отыр», - деген Амангелді Айталы 2019 жылы берген сұқбатында.

Ғалым 1999-2007 жылдары Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болды. Ол 100-ден астам ғылыми мақаланың, 5 монографияның авторы.

2015 жылы ІІІ дәрежедегі «Барыс» орденімен және 2021 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.

ҚАЗАҚ СПОРТЫНДАҒЫ ҚАРАЛЫ ХАБАР

20 желтоқсанда бокстан КСРО чемпионы, Қаз КСР және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Болат Теміров 53 жасында қайтыс болды. 

Болат Бисенұлы 1992 жылғы Олимпиада мен бірнеше рет әлем чемпионаттарына қатысқан.

Қазақстан тәуелсіздік алғаш алғашқы жылдарда ұлттық құраманың капитаны болды.

Бокстағы карьерасын аяқтағаннан кейін бизнеспен айналысып, Қазақстан бокс федерациясы бас хатшысы қызметін атқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама