×

Атырауда жаяу жүргіншіні көлікпен қаққан мас жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен

Салдарынан 48 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты

 Динара Амантай 20.12.2022 | 13:13
Фото: polisia.kz

Атырауда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 21:50 шамасында Әуезов көшесі 52а үй тұсында 48 жастағы жаяу жүргіншіні маркасы және мемлекеттік нөмірі белгісіз көлік қағып кетіп, ішкі істер органдарына хабарламастан оқиға орнынан кетіп қалған. Алған дене жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқан.

Атырау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдікті көлікті іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы Стаханов көшесінде орналасқан гараждардың арасынан Mercedes Benz автокөлігін анықтады. Жүргізушісі 34 жастағы азаматтың көлікті алкогольдік мас халде басқарғаны анықталды. Күдікті қамауға алынды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен және 347-бабымен Атырау қалалық ПБ №1 полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркеліп, жедел тергеу тобы тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама