×

Алматы облысында жарылыстың алдын алған әкім «өрт сөндіруші» атанды

Бір-ақ сәтте танымал болған оны жазда халықтың өзі сайлаған

 Еркеғали Болатұлы 10.12.2022 | 18:57
фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысы Шеңгелді ауылының әкімі Мақсат Жазиев «өрт сөндіруші» атанды. Ол таңертең жұмысына кетіп бара жатқанда ауылдасының үйінен қара түтін шыққанын байқаған. Дереу жетіп, жалын шарпыған бөлмеден газ баллонын сыртқа алып шығыпты. Бұл туралы бүгін «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Жарылыстың алдын алған әкім бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Қайта қиын сәтте әр азамат адамгершілік танытуы керек дейді.

Оқиға 6 желтоқсанда Ехныч көшесіндегі үйде болған. Отағасы Сабит Айтбеков теңертең бала-шағасын мектеп пен балабақшаға апарады, әйелі жұмысқа кетеді. Сол кезде тоқ сымының қысқа тұйықталуынан шатыр түтіндеп, қабырғадағы жапсырма түсқағаз жанған. Жалын тез тарапты. Көршілер шұғыл әрекет етіп, өртті өшіруге кіріскен. Сол кезде әкім де келіп жеткен.

Газ баллон осы жерде тұрды. Мен кіріп келсем, алдында бір жігіт келген. Бет-әлпетін байқамаппын, жалғыз өзі тартып жатыр екен. Содан кейін екеуміз екі жағынан ұстадық та жұлып алып, сыртқа шығардық, - дейді Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиев.

Ауылда тағдыр тауқыметіне душар болған, қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға көмектесетін өз қайырымдылық қоры бар екен. Соның арқасында өртеніп, бүлінген заттар далаға шығарылып, шатыр қалыпқа келтіреле бастаған. Бөлмелердің қабырғалары әрленіп, сапалы электр сымын тарту жұмысы жүргізіліпті.

Ауылдың жігіттері ұйымдасып отыр ғой. Елге пайдасы тиіп жатыр. Көмір, ұнын әпереді. «Біреудің жыртығын жамап» жатырмыз, жалпы айтқанда, - дейді «Қарайлас» қоғамдық қорының мүшесі Жайырбек Тілепбергенов.

Сондай-ақ зардап шеккен отбасына да уақытша паналайтын баспана табыла кеткен. Содан кейін Айтбековтер отбасы Жаңа жылды жаңарған үйде қарсы алатын болады.

Ал бір-ақ сәтте танымал болған Шеңгелді ауылының әкімі Мақсат Жазиевті биыл халықтың өзі сайлаған. Жазда әкімдік қызметіне кіріскен ол «шаруа көп, ауылға ауыз су тартып, көшелерді жарықтандыруымыз керек» деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама