×

Астана тұрғындары 9 жыл күтіп, әрең кірген үйлерінде су, жарық, жылусыз қалды

Қақаған қыста жылусыз қалған пәтер ішіндегі батареялар да атылып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 10.12.2022 | 11:22
фото: smartik.ru

Астанадағы Жағалау шағын ауданының бір топ тұрғыны бітпеген құрылыс пен сорғалап аққан судың астында өмір сүріп жатыр. Көбі – зейнеткер. Тапқан-таянғанын жинап, ақшасын толық төлеп сатып алған пәтердің жағдайы сын көтермейді. Ыстық су арман болғандар енді қайда қашарын білмей отыр. 700-ге жуық тұрғын мұз қатқан терезені тұмшалап тіршілік етіп жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Тұрғын үй кешені 9 жыл салыныпты. Кілт тапсыру рәсімін ұзақ күткен тұрғындардың арманы биыл жазда бір-ақ орындалған. Алайда қуанышы 9 күнге де жетпеген. Ыстық суды ұмытқан тұрғындар қазір суық суға зар. Ал жарық баяғыдай сағатпен есептеп беріледі.

Бұл ретте тұрғындарды бірінші қабаттағы кәсіпке арналған ғимараттар зар жылатып отыр екен. Ыстық су, жылу, кәріз жүйесі де содан өтеді. Ал оларды ешкім сатып та, жалға да алмаған. Сондықтан құбырлары іске қосылмаған. Соның салдарынан жоғары қабаттағы пәтерлер су, жарық, жылусыз отыр.

Сондай-ақ қақаған қыста жылусыз қалған пәтер ішіндегі батареялар да атылып жатыр. Тұрғындар үйінде жүн шұлығы мен резеңке етігін шешпейді.

Әу баста-ақ мәселесі көп болған құрылыстың қазіргі сиқы жаман. Опырылған еден, ақтарылып жатқан тоқ сымдары, терезеге қатқан көк мұз. Мердігер компания да «күнде ертеңмен» жұрттың жүйкесін тоздырған. Ал әкімдік онсыз да қала жылуының жетіспей жатқанын жазып, шынын айтыпты. Жылу электр станциясының бұл үйлерді жылумен қамтуға күші жетпейді екен. Қосымша жылу көзіне қосуға да шектеу енгізілген.

Енді тұрғындар 9 жыл күткен үйінде не қаларын, не одан құтыларын білмей дал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама