×

Астанада полиция мен ХҚКО қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ ұсталды

Мемлекетке төленбеген мемлекеттік баждар мен алымдар есебінен 1 млрд теңге залал келтірілген

 Динара Амантай 09.12.2022 | 09:12
Фото: egemen.kz

Антикор Астана қаласының прокуратурасымен бірлесіп, заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметінің жолын кесті, деп хабарлады  Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қылмыстық топ осы жылдың қаңтар айынан бастап азаматтарды шетелдік автокөліктерді есепке қоюдың заңдылығына қатысты алдау арқылы өз қызметтерін ұсына отырып, олардың ақшалай қаражатын ұрлап, 486 көлікті заңсыз тіркегені анықталды. Әрбір автокөлік үшін заңсыз қызметтің құны 400 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін болған. Қажетті ақшаны алғаннан кейін күдіктілер автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша формасын, мемлекеттік нөмірлер мен көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді дайындағаны үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасаған.

ҰҚТ қызметі, оның ішінде ішкі істер органдарының мемлекеттік автоинспекторларының «Web-модуль» сервистік орталығы» ақпараттық жүйесінде бұрын кәдеге жаратылған автомашиналар туралы мәліметтерді қасақана заңсыз жою және олардың орнына жаңадан әкелінген автомобильдердің мәліметтерін енгізу салдарынан жүзеге асқан.

Соттың санкциясымен 4 полиция қызметкері қамауға алынды. Күдіктілердің мемлекеттік баждар мен төлемдерді төлеуге арналған азаматтардың ақшалай қаражатын ұрлап, жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.

Аталған адамдардың қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке төленбеген мемлекеттік баждар мен алымдар есебінен 1 млрд теңге залал келтірілген.

Бүгінде іс бойынша қылмыстық топтың тағы 4 белсенді қатысушысы, оның ішінде Астана қаласы бойынша №2 Арнайы ХҚКО басшысы ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама