×

Манту орнына БЦЖ: министр екпеден зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездесті

Балалар қысқы демалыста «Бурабай» санаторийінде сауықтырудан өтеді

 Динара Амантай 01.12.2022 | 16:16
Фото: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында БЦЖ вакцинасымен қайта егілген мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр Ақтөбе облысына сапарын Байтұрасай ауылындағы медициналық пунктке және Мәртөк ауданының аудандық ауруханасына барудан бастады.

Байтұрасай медициналық пунктінің ғимараты 1960 жылы салынған, онда бір мейіргер, санитар және жүргізуші жұмыс істейді. Олар 300-ге жуық ауыл тұрғынын дәрігерге дейінгі және шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

Біз мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық пункттері жоқ немесе медициналық объектілері ескірген және жарамсыз болып қалған ауылдарда жаңа дәрігерлік амбулаториялар саламыз. Сіз маған қазір жұмыс істеу үшін жабдықтан, жарықтандырудан не қажет екенін, медициналық көмек көрсету үшін қандай жағдай жасау керектігін айтуыңызға болады, - деді Ажар Ғиният Байтұрасай ауылындағы фельдшерге.

Бұдан әрі ол халқының саны 30 мың адам болатын Мәртөк ауданы аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Бұл аурухана 54 стационар төсегіне және 45 күндізгі стационар төсегіне есептелген. Сондай-ақ 200 адам қабылдайтын емханасы бар. Мұнда ересектер мен балаларға медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі. Аурухана ұжымының саны 400-ге жуық адамды, оның ішінде 57 дәрігерді, 191 орта медицина қызметкерін құрайды.

Министр медициналық көмек көрсету кезінде негізгі және үйлестіруші буын ретінде МСАК жұмысын күшейтуді, сондай-ақ созылмалы инфекциялық емес ауруларды уақтылы ерте анықтауға назар аударуды ұсынды.

Содан кейін министр аудандық ауруханада медицина жұртшылығымен кездесу өткізді. Оның барысында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарынан өту, жаңа медициналық пунктті салу туралы және басқа да сұрақтарға жауап берді.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрі БЦЖ екпесін алған балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында педиатрлар атап өткендей, бүгінде балаларда вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмайды. Олар тұрақты бақылауда, барлық қажетті зерттеп-қараулардан өткен.

Күзгі демалыс кезінде оқушылар иммунитетті нығайту үшін «Ақбөбек» оңалту орталығына жіберілді, ал қысқы демалыста «Бурабай» санаторийінде сауықтыруды жалғастырады.

Министр ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін барлық мүмкін болатын шаралар қабылданғанын, әрі қарай олар дәрігерлердің бақылауында болатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде дәрігерлер оқушыларға салатын екпені шатастырып алғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ оқушыларға екпені шатастырып салған дәрігер мен медбике жұмыстан босатылған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама