×

Ақтөбеде оқушыларға екпені шатастырып салған дәрігер мен медбике жұмыстан босатылды

«Медикус орталығы» ЖШС жеке клиникасының дәрігері мен медбикесі жұмыстан шеттетілді

 Халық үні 29.09.2022 | 00:46
ашық дереккөзден

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбедегі мектеп оқушыларына Манту сынамасын жүргізбей, БЦЖ вакцинасымен қайта вакцинациялау фактісі бойынша қызметтік тексеруді бастады.

«Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің бейінді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттерінің басшылары, бейінді мамандары бар комиссия құрылды, олар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, сараптамалық қорытындының негізінде болған оқиғаға баға береді», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.  

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуде.

Естеріңізге саламыз, 13 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №74 жалпы білім беретін орта мектебінде туберкулиндік диагностикаға жататын бірінші сынып оқушыларына Манту сынамасын жүргізбей, БЦЖ вакцинасын салған болатын.

Мектеп бойынша профилактикалық екпелерді жүргізу үшін жауапты орындаушылар ретінде Ақтөбе қаласындағы «Медикус орталығы» ЖШС жеке клиниканың дәрігері мен медбикесі келген. Аталған медицина қызметкерлері бүгінде жұмыстан шеттетілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, барлығы педиатрлардың бақылауымен сабақтарын жалғастырып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама