×

«Мақсатымыз – эмоционалдық қолдау»: Кез келген адам балалар үйінде тәлімгер бола алады

Қазақстанда 4 мыңнан астам бала жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатыр

 Айнұр Шошаева 01.12.2022 | 16:06
Фото: Halyq Uni

Елімізде бала асырап алу кезегінде 4 мыңға жуық ата ана тұр. Бұл туралы «Qoldau» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Фарида Сағындық айтты, деп хабарлайды Halyq Uni

Фарида Сағындық Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушіріне тәлімгерлік практикасын енгізу мақсатында Birgemiz Sabaqtastyq ұлттық жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында шағын гранттар бөліп, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға түрлі оқыту курстары ұйымдастырылады. 

«Бұл – ұзақ мерзімді жоба. Оған қатысқысы келетін азаматтарға қойылатын басты талап бар, бір келіп, кетіп қалу деген болмайды. Жоба аясында сатып алғынған материалдық заттардың барлығы жетімдер үйінде қалуы керек. Яғни, пайда табу мақсатымен келмейді. Керісінше балаларға беремін деп келеді», – деді ол. 

Оның айтуынша, қазір балалар үйінде жетім, өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 мыңнан астам бала тұрып жатыр. 

«Біз осы үйлердің алқалық басқару органымыз. Қамқоршылық кеңесі болғандықтан, балалардың мүддесі мен құқықтарын қорғаймыз. Сонымен қатар тәлімгерлік институтын енгізіп жатырмыз. Мұндағы мақсат – балаға материалдық құндылықтармен алдамай, эмоционалдық тұрғыдан қолдау көрсету. Бір-біріне сенімділік арқылы баламен байланыста болу. Бала қандай да бір қиын жағдайға тап болып жатса, қасында сеніп, ақыл сұрай алатын ересек адам барын біліп, сезінуі тиіс. Кез келген уақытта жүгіне алам, толғандырған сұрақтарымды қойып, көмек сұрай аламын деп сенімді болуы керек. Біз меценат, демеуші емеспіз. Біздің жұмысымыздың басты қағидаты мен ерекшелігі осы. Ешкімге қаржылай көмек көрсетілмейді», – деп қосты жоба жетекшісі. 

Оның айтуынша, Қазақстанның кез келген ересек азаматы жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгер бола алады. Алайда оларға қойылатын қатаң талап бар. 

«Қазір тәлімгерлердің арасында студенттер де бар. Ең бастысы «тәлімгер боламын» ішкі ниеті ниеті болу керек, бұл жұмысқа уақыт бөле алуы тиіс. Сондай-ақ жобаға тұрақты жұмыс істей алатын адамдар ғана қабылданады. Себебі баланы әлеуметтендіруге 1-2 ай жеткіліксіз. Бұл ұзақмерзімді жұмыс. Тәлімгерлер баламен жұмыс істеп жүріп, кетіп қалса оған травма болады. Сондықтан саналы түрде келсе деймін. Бір ғана баламен жұмыс істейтін жеке немесе корпоративтік тәлімгер болуға болады. Мәселен, тігінші келіп бірнеше баланы жинап тігін курсын ашса, яғни топпен жұмыс істеп жатса ол корпоративтік тәлімгер деген сөз», – деді спикер. 

Бұған қоса, ол қазіргі күні қамқоршылық кеңестерінің қызметінің ережелері қайта қаралып жатқанын айтады. Егер енгізілген ұсыныс қабылданса, тәлімгерлік тәжірибесін қамқоршылық кеңестері арқылы дамыту енгізілуі мүмкін. 

«Құзырлы ведомстволарға ұсыныс енгіздік, желтоқсан айының соңына дейін шешім қабылдануы тиіс. Сондай-ақ бала асырап алушар үшін ата-аналар мектебі бар. Бүгінде бала асырап алуға ниетті ата-аналар арнайы процедурадан өтуі тиіс. Соның ішінде арнайы курс оқиды. Ол сертификатсыз бірде бір ата-ана бала асырап алуға өтініш бере алмайды. Қазіргі күні 4 мыңнан астам үміткер кезекте тұр. Жетімдер үйінде көпбалалы отбасылардың балалары көп, жалғыз баладан аз. Заң бойынша бір үйдің балаларын бір-бірінен ажыратуға болмайды. Біреуін алғысы келсе, қалған да асырап алуы керек. Қамқоршылық кеңесі олармен өзара байланыста болып, тәлімгерлік туралы айтамыз. Баланы асырап алуға кезек келгенше күтіп отырмай, басқа балалармен жұмыс істеп тәжірибе жинауға болады. Бір жағынан бала асырап алуға дайындық және оған саналы қадам болады», – деп қорытындылады Фарида Сағындық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама