×

Атырауда әйел 9 жастағы баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған

Оқиға 18 қарашада кешкі сағат алты шамасында болған

 Халық үні 25.11.2022 | 09:54
Фото: видеодан скриншот

Атырауда 37 жастағы әйел 9 жастағы баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жарақат алған бала өз бетінше қозғала алмайды, қазір үйінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оқиға 18 қарашада Атырау қаласы Нұрсая ықшам ауданында кешкі сағат алты шамасында болған. 9 жастағы бала достарымен бірге үйінің алдындағы алаңда ойнап жүрген. Сол кезде қатты жылдамдықпен келген көлік баланы қағып кеткен. Бала өз бетінше ақсаңдап үйіне барған.

«Отбасымызбен серуенге шықтық. Үлкен ұлымнан бөлек екі кішкентай қызым бар. Екі қызымды алып басқа аулаға серуендеуге кеттім. Ұлым достарымен бірге өз ауламызда қалды. Аз уақыттың ішінде осындай болған. Ұлымды қаққан әйел шалбарының шаңын қағып, қолына «антисептик» ұстатып, өзі кетіп қалған. Жедел жәрдем шақырып, балалар ауруханасына бардық. Ол жерде дәрігерлер ұлымның жағдайын тексеріп, әрі қарай ем алуға учаскелік емханаға жіберді», - дейді баланың анасы Зарина Табылдиева.

Әйелдің айтуынша, баласы өз бетінше қозғала алмайды.

Дәретханаға көтеріп апарамын. Түнімен басы ауырып жылайды. Полицияға арыз түсіргенге дейін қағып кеткен әйелден еш хабар болмады. Баланың жағдайын да сұрамады. Көлік қаққан сәті үйдің қасындағы камераға жазылып қалған. Сол арқылы көліктің нөмірін біліп, иесін анықтадық, - дейді анасы.

Жалғызбасты ана пәтер жалдап тұрады. Қазір жұмысынан демалыс алып, баласының жанында отыр.

«Бала сабақтан қалды, ал мен жұмыстан қалып табысымнан айырылып отырмын. Отбасымды жалғыз асыраймын. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Мен баламды қаққан әйелдің соншалық мейірімсіз, тас жүрек екеніне таңқалып отырмын. Оның қасында малды, итті қағып кетсе жанымыз ашиды. Ал менің балам оның қасында адам ғой. Қалай ғана баланы қағып сол жерге тастап кетуге болады? Полицияға арыз жаздық», - дейді Зарина Табылдиева.

Атырау облысы полиция департаменті болған оқиғаны растады.

37 жастағы әйел Subaru Forester автокөлігімен жолдан кетіп бара жатқан 2012 жылы туған  жасөспірімді қағып құлатып, оқиға орнынан кетіп қалған. Қазір тиісті құжаттар жинақталып, жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды, - делінген полиция жауабында.

Атырау облысы балалар ауруханасы мамандары 9 жастағы баланың ауруханаға кешкі сегіз шамасында түскенін хабарлады. Оның іші, арқасы мен жамбасы жарақаттанған.

Ләззат Нұрболатқызы, Атырау облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама