×

Президент сайлауы: қазақстандықтар дауыс беруге келіп жатыр (ФОТО)

20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді

 Айгерім Таубай 20.11.2022 | 07:20
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда сайлау учаскелері ашылды. Қазақстандықтар таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 10 101. Республика бойынша 86 учаске 06:00-де ашылды.

Шетелдегі қазақстандықтар үшін 53 елде 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сайлаушылардың жалпы саны – 11 950 485 адам.

Бюллетеньде кандидаттардың аты-жөні әліпби тәртібімен орналасады:

  • Әбден Қарақат Жақсылыққызы
  • Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы
  • Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы
  • Қажыкен Мейрам Зекешұлы
  • Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы
  • Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы
  • «Бәріне қарсымын».

САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ

Дауыс беруге келетін адам алдымен сайлау комиссиясының мүшесіне барып, жеке куәлігін көрсетеді. Содан кейін азаматтың аты-жөнін тізім бойынша тексереді де, бюллетень береді. Сайлаушы дауыс беру кабинасына жалғыз кіреді. Бюллетеньді фотоға түсіруге болмайды.

Кабинадан шыққаннан кейін сайлаушы бюллетеньді шыныдан жасалған жәшікке салуы қажет. Дауыс беру құқығын басқа біреуге тапсыруға тыйым салынған.

Бюллетеньде әрбір кандидаттың аты-жөні жазылған тұста төртбұрыш болады. Сол жерге кез келген белгіні қоя алады. Алайда қарындаш қолдануға болмайды.

Егер сайлаушы бюллетеньге бір белгіден артық белгі қойса, дауыс беру парағы жарамсыз деп танылады.

Дауыс беру кабинасына бір адамға кіруге рұқсат. Алайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар өзімен бірге бір көмекшіні алып жүруге болады. Бірақ ол көмекші сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті атқарушы органның тұлғасы, кандидаттың сенімді өкілі, журналист пен байқаушы болмауға тиіс. 

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, кезектен тыс президент сайлауы бойынша сайлау бюллетень саны, оның ішінде сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының бір пайызын қоса, 12 069 990 дананы құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама