×

Астанадағы көшелерге белгілі азаматтардың есімі беріледі

Мәслихат депуттары әкімдіктің ұсынысын қолдап дауыс берді

 Дастан Жұмабекұлы 17.11.2022 | 17:14
фото: ашық дереккөз

Астана қаласы мәслихатының депутаттары қала әкімдігінің бірнеше көшеге белгілі азаматтардың есімін беру туралы шешімін мақұлдады.

Шешімнің жобасын қалалық тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныстырды.

Атап айтқанда, Алматы ауданы бойынша №А-24 жобалық көшеге көрнекті мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановтың есімін, №А-62 жобалық көшеге Қазақстанның Халық жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденовтің есімін, Абылайхан даңғылындағы Дина Нүрпейісованың жанында орналасқан атаусыз аллеяға «Күйшілер аллеясы» деген ат беру ұсынылды.

Ал Есіл ауданы бойынша №202 жобалық көшеге әскери ұшқыш, штурмовик, Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіровтің есімін, Е-111 жобалық көшеге Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шерхан Мұртазаның есімін, Е-324 жобалық көшеге көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның есімін, Е-325 көшеге композитор, КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркеғали Рахмадиевтің есімін, Е-357 жобалық көшеге хирург, академик Александр Сызғановтың есімін, Е-577 жобалық көшеге жазушы Хамза Есенжановтың есімін, Е-579 көшеге мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» белгісінің иегері Қаридин Қарбаевтың есімін, Е-580 жобалық көшеге мемлекет қайраткері Сабыр Низябектовтің есімін беру, Е-607 жобалық көшеге Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбековтің атын, Е-608 жобалық көшеге педагог, Қазақстанның Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың есімін, Е-757 жобалық көшеге жазушы, филолог Ақселеу Сейдімбектің есімін, Е-758 жобалық көшеге Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті, ҚР Бірінші дәрежелі «Достық» орденінің иегері шейх Халифа бен Зайд әл Нахаянның есімін, Е-89 жобалық көшеге, ағартушы, публицист, заңгер Барлыбек Сырттанұлының есімін, Е-890 жобалық көшеге тарихшы, академик Ермұхан Бекмахановтың есімін, Е-898 жобалық көшеге әдебиет сыншысы, филолог, ҚР Еңбек сіңірген ғылыми қызметкері Тұрсынбек Кәкішевтің есімін беру, Қабанбай батыр даңғылындағы «Салтанат сарайы» кешені мен The St. Regis Astanа қонақ үйінің арасындағы атаусыз скверге Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің патшайымы  Елизавета II-нің есімін беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Сарыарқа ауданы бойынша №20-40 жобалық көшеге әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың есімін беру ұсынылды.

Депуттар әкімдіктің ұсынысын қолдап дауыс берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама