×

Ресейде соғыс туралы шындықты айтқан адам азаматтықтан айырылады

Бұл норма РФ-ға оккупация жолымен «қосылған» территориялардың тұрғындарына қатысты болып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 14.11.2022 | 11:17
фото: bb.lv

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс туралы шындықты айтқан адамдардың паспорттарын қайтарып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Медуза» хабарлады.

Ресей президенті тиісті заңға Украинадағы оккупацияланған территориялардан шығып жататын «соғыс жайлы фейктері» үшін азаматтарды РФ паспортынан айыру жөнінде өзгеріс енгізуді ұсынды, – делінген хабарламада.

Норма Ресей жерінде туғаны бойынша паспорт алғандарға емес, Ресейге оккупация жолымен «қосылған» территорияларда жаңадан азаматтық алған тұрғындарға қатысты болып отыр.

Путин осыған байланысты азаматтықтан айырылуға жататын «қылмыстар» тізімін жасап тастады. Оған мыналар кіреді:

– РФ Қарулы күштері туралы жалған ақпарат тарату және Ресей армиясын күстаналау;

– Ресей жалауы мен елтаңбасын қорлау;

– қажет емес ұйымдардың іс-әрекетіне қатысу;

– сепаратизмге шақыру;

– мемлекет қайраткерінің өміріне қатер төндіру және экстремизмге шақыру.

Азаматтықтан айыру туралы шешім «қылмыстың» қашан жасалғанына байланысты болмауы да мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама