×

Ұлттық валютаның отыз жылдығы: 2023 жылғы атаулы күндер

2023 жылы «Қазақ» газетінің шыққанына 110 жыл болады

 Айгерім Таубай 08.11.2022 | 14:25
Коллаж: Халық үні

2023 жылғы атаулы күндердің арасында «Қазақ» газетінің 110 жылдығы және «Абай» журналының 105 жылдығы бар. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңы қабылданғанына және Ұлттық валютаның енгізілгеніне 30 жыл толады. Толық тізімді Halyq Uni материалынан оқи аласыздар.

2023 жылғы мерейтойлар тізімін сілтеме арқылы оқуға болады.

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ

«Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.

Газеттің алғашқы нөмірі 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.

1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Газет тарихында 265 нөмірі жарық көрген.

«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырған – Ахмет Байтұрсынұлы.

«1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады...», - деп жазды Ахмет Байтұрсынұлы газеттің алғашқы нөмірінде.

1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды.

Газетте Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жақып Ақбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Жанша Сейдалин, Халел Ғаббасов, Халел Досмұхамедұлының мақалалары жарияланған.

1918 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны шықты.

«ҚАЛЫҢ МАЛ» РОМАНЫНА 110 ЖЫЛ

2023 жылғы атаулы күндер қатарында Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романының 110 жылдығы да бар.

«Қалың мал» – қазақтың тұңғыш романдарының бірі.

«Романға түпқазық болған тақырып – қыз үшін қалың мал алудың адамшылыққа жат жексұрын құбылыс екеніне оқушының көзін жеткізу. Оқушылардың көз алдында революцияға дейінгі ауылдың көріністері тізбектеліп өтіп жатады. Алпысқа келгенде әйелі өлген Тұрлығұл Ғайша деген 15 жасар қызды алмақшы болады. Қыздың әкесі Итбай молдаға тек қызына берілетін қалың мал керек», - дейді «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы» кітабында Белгібай Шалабаев.

«Қалың мал» романы 1913 жылы Қазан қаласында басылған.

«АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЫҚҚАНЫНА 105 ЖЫЛ

«Абай» журналы 1918 жылдың ақпан-қазан аралығында қазіргі Семей қаласында жарық көрді. Бұл журнал ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне арналған. Ағартушылық бағытты ұстанды. Редакторы – Жүсіпбек Аймауытов.

«Абай» журналында Алаш зиялыларының ағарту бағытында түрлі мақаласы жарық көрді. Алғашқы саны 900 данамен шыққан. «Абай» журналының алғашқы сандары шамамен 16-21 беттен тұрған.

Кей дерекке сәйкес, «Абай» журналын шығару жөніндегі ұсыныс қазақ зиялылары арасында 1914 жылдың өзінде-ақ қабылданған. Алайда дүниежүзілік соғыстың басталуына және патшалық Ресей тарапынан отарлау саясатының бұрынғыдан да күшейе түсуіне байланысты журнал шығару туралы ойы орындалмаған.

Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында «Тіршіліктің құралы – өнер, ғылым. Тіршілікте одан басқа да керек нәрселер бар. Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. Халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. Надан болсақ та, бай болайық десек, ғылымсыз байлық баянсыз болмақ. Бұлай болған соң ғылым мен байлық екісі де керек. Ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым сыңар жақ. Ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. Білімді орнына жұмсау керек: жамандыққа салынған білімдіден білімсіз артық. Білімді орнына жұмсататын не? Ол – тәрбие. Тәрбие көрмеген білімді жауыздың надан жауыздан зияны жүз есе артық», деп жазған.

ТЕҢГЕНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ

15 қараша – Қазақстанның ұлттық валюта күні. Ол айналымға 1993 жылы енгізілді.

Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу процесін бұрынғы КСРО республикаларындағы ақша айналымына қатысты жағдай жылдамдатты. 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің Орталық банкі ақша реформасын жүргізді, кеңес рублі айналымнан алынды және олар жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды.

Бұл бұрынғы кеңес республикаларындағы нарыққа әсер етті, оның ішінде Қазақстан да бар. Баға жылдам өсті, ақша құнсызданды.

Ұлттық валюта енгізу – елде қалыптасқан дағдарыстан шығудың және экономика дамуының жаңа кезеңіне өтудің бірден-бір жолы болды.

1993 жылдың 3 қарашасында Қазақстан президенті ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оған премьер-министр Сергей Терещенко төрағалық етті. Кейін вице-премьер Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды.

Ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен дау болды: «алтын», «ақша"», «таньга» («тенга») нұсқалары ұсынылды. Қазақстандық валютаны тіпті «сом» деп атау жоспарланған.

Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге», «танга» деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар (〒).

Теңге дизайнын дайындау жетекші Тимур Сүлейменов және дизайнерлер Меңдібай Алин, Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелханов бар авторлық ұжымға тапсырылды.

1993 жылы 12 қарашада елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды.

Алғашқы банкноттарды Англияда Harrison&Sons фирмасы басып шығарды. Олар Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді – бір апта ішінде 18 рейс орындалды.

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

АТА ЗАҢНЫҢ ҚАБЫЛДАНҒАНЫНА 30 ЖЫЛ

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстанның Конституциясы қабылданды. Құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді.

Ал Жоғарғы кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Президент депутаттардың алдында есеп беруге міндетті болды. Заң бойынша Жоғарғы кеңестің өкілеті басым болды.

«Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз және конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз»,  деп басталған 1993 жылы қабылданған Конституцияда.

Алайда 1994 жылы Жоғарғы сот таратылды. Ал бір жылдан кейін жаңа Конституция қабылданды.

1995 жылы қабылданған Конституция 95 баптан тұрды. Алайда бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, 98 бапқа жетті.

Тәуелсіздік жылдары Ата заң қалай өзгергенін мына жерден көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама