×

Бикен Римова мен Кемел Тоқаевтың жүз жылдығы: 2023 жылғы мерейтойлар

2023 жылы бірқатар жазушы мен өнер майталманының мерейтойы өтеді

 Айгерім Таубай 07.11.2022 | 15:45
Коллаж: Халық үні

2023 жылы елімізде өнер мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар азаматтың мерейтойы өтеді. Halyq Uni халыққа белгілі азаматтар туралы ақпаратты жинақтады.

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 165 ЖЫЛ

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тауы бөктерінде Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ деген жерде туған. Қазір бұл аумақ Абай облысының Абай ауданына қарайды. Шәкәрім – Абай Құнанбайұлының немере інісі.

Шәкәрім бабалары туралы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» толық баяндаған.

«Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз хажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда хажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім. Әйтсе де түркі танып, орысша хат танып қалдым», деп жазған шежіреде.

Жас кезінде Шәкәрім оқу мен қолөнерден басқа аңшылық, саятшылықпен де айналысқан. 14 жасынан бастап саятшылыққа ден қойып, қыран бүркіт ұстауға, аң қуатын жүйрік ат баптауға үйренеді.

Есею жылдарында Шәкәрім қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектеседі, жастарды ғылым-білім, өнер-өнегеге баулуды мұрат тұтады. 40 жасқа таяған шағында поэзияға ден қойып, «Қазақ айнасындағы» көптеген өлеңін шығарып, поэмалар жазған. Олардың көпшілігі әлеуметтік, гуманистік, ағартушылық арнадағы туындылар болды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ, араб, түрік, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, сол тілдегі кей шығарманы қазақ тіліне аударған.

72 жасқа қараған шағында Шәкәрім Шыңғыс таулары бөктерінде оңаша тұрған. Алайда оның тыныш өмір сүруіне, шығармашылықпен шұғылдануына бай-бағландар мен молдалар, ойы таяз белсенділер мүмкіндік бермеген. Ол туралы «бандиттермен сыбайлас» деген қауесет таратып, оны түрмеге жаптырған. Кейіннен жала екені анықталып, Бақанас түрмесінен босатылған.

Шәкәрім өмірінің соңғы жылдарын тауда жалғыз өткізген. 1931 жылы 2 қазанда 73 жасында дүниеден өткен.

СПАНДИЯР КӨБЕЕВТІҢ ТУҒАНЫНА 145 ЖЫЛ

Педагог-жазушы Спандияр Көбеев 1878 жылы бірінші қазанда қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған.

Ол 1887 жылы Ыбырай Алтынсариннің көмегі арқылы мектепке қабылданып, оны 1892 жылы бітірген. Содан кейін оқуын жалғастырып, алдымен төрт жылдық мектепке, Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыған.

Спандияр Көбеев Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық жолын жалғастыру мақсатында бастауыш сынып мұғалімі болған. Мұғалімдік қызметінің алғашқы жылдарында Крыловтың мысалдарын аударып, сабақ барысында пайдаланған.

1912 жылы «Үлгілі бала» кітабын Қазан қаласында басып шығарды. Бастауыш сынып оқушыларына арналған бұл кітабында өзінің шығармалары мен орыс классиктерінің балаларға арналған еңбектері енген.

1913 жылы «Қалың мал» романы жарық көрді. 2023 жылы қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірінің шыққанына да жүз жыл болады.

1939 және 1949 жылын жылы оқу-ағарту саласындағы еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды.

Спандияр Көбеев 1956 жылы 78 жасында қайтыс болды.

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВТІҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫ

Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедов 1883 жылы 24 сәуірде қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған.

Ол – өткен ғасырдың отызыншы жылдары зорлық-зомбылықтың кінәсіз құрбаны болып жазықсыз жазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ интеллигенциясы қайраткерлерінің бірі. Ол жеті жылдан астам қуғынға ұшырап, қамауға түсіп, «халық жауы» деп айыпталған. 50 жасында 1939 жылы ішкі істер халық комиссариатының әскери трибуналының үкімімен ату жазасына кесілген. Оның есімі сол оқиғадан 20 жыл өткен соң ғана ақталған.

Халел Досмұхамедов ана тілімен қатар латын, араб, парсы, түркі, орыс, неміс және француз тілдерін меңгерген. Ол лингвист, тарихшы-этнограф, аудармашы ретінде де еңбек сіңірді. Биология, зоология, медицина саласына да еңбек қосқан ғалым.

«Табиғат тану», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Оқушылардың саулығын сақтау» деген еңбектері бар.

Халел Досмұхамедов 1939 жылы 19 қыркүйекте түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды.

Қоғам қайраткерінің аты туған жеріндегі жоғары оқу орнына берілген. Қазір Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жұмыс істейді.

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ

2023 жылғы мерейтойлар қатарында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы да бар. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған.

Мағжан Жұмабаев 1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Осы жерде болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысқан.

Жұмабаев 1912 жылы 19 жасында Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарды.

1913-1916 жылдары Мағжан Жұмабаев Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. «Бірлік» ұйымының жұмысына белсене араласып, «Балапан» қолжазба журналын шығаруға көмектеседі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, «Қазақ» газетіне өлеңдерін жариялайды.

1924 жылы Мәскеуде Мағжанның жыр жинақтары талқыға түсті, оған «ескілікті жырлаушы ақын», «керітартпа», «көнені көксеуші ақы», «заманмен бірге алға жылжуды қаламайды» деп, ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды.

Мағжан Жұмабаев 1927-1929 жылдары аралығында Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызмет атқарады. Петропавлдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты бұл қызметтен босатқан.

«Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады», - деп жазған белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов.

1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалған.

Мағжан Жұмабаев 1936 жылы отанына оралды. Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Алайда 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 ақпанында халық жауы ретінде атылып кетті.

Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды. 

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ

Аз ғұмырында мол мұра қалдырған тұлғаның бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Анасы бір жасында қайтыс болып, жетім қалады.

Сұлтанмахмұт 1912 жылы қарашада оқу іздеп, Тройцкі қаласына барады. Бір хатында бұл туралы былай деп жазған: «...Мен өзім Семей облысына қараған Баянауыл маңындағы Ақбеттау болысындағы бір фақыр адамның баласы едім. Ғылым іздеуге арманым болса да, дәрменім болмай жүрген жайым бар еді. Өзіміздің болыстың адамдары мені ескеріп, 90 теңге жинап беріп, Тройцкіге жөнелтті».

Алайда Сұлтанмахмұт бұл медреседе бір жыл оқыған. Көз ауруы болып, медреседен шығып қалады. Емделген соң жазда Тройцкі маңындағы елге бала оқытуға шығады. Күзде «Айқап» журналы редакциясына хатшы болып орналасады. Сол жерде жүріп «Қамар сұлу», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең және айтушылары», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қандай?» деген мақала және көптеген өлеңін жазған.

1918 жылы Сұлтанмахмұттың ауруы қайта асқынады. Емделіп жатқан кезде бірқатар өлең, поэма жазған. «Адасқандар», «Кедей» поэмалары да осы кезде жазылды.

1919 жылы желтоқсанда Шідерті болысына революциялық комитеттің бастығы болады. Ол жерде екі-үш ай ғана жұмыс істеген. Себебі ауруы асқынып, төсек тартып жатып қалады.

Ауырып жатқанда 1920 жылдың басында «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақынының айтысы) деген поэма бастайды. Бірақ ол поэма аяқталмай қалады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1920 жылы 21 мамырда 27 жасында құрт ауруынан қайтыс болады.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА 125 ЖЫЛ

Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданын Жаңаталап ауылында туған.

Темірбек Жүргенов 1909 жылы мектепке барып, 4 жыл бойы орыс тілін үйренген. Мектепті өте жақсы оқып бітірген.

1922 жылы Орынбор рабфагін бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне түседі. Оқып жүрген кезде Қазақ АССР-ның Түркістан Республикасындағы өкілі болып жұмыс істеген. Түркістан Республикасы 1924 жылы тараған соң, Ұлттық республикаларды құру ісіне араласқан. Соңғы курста оқып жүріп жаңа ашылған Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (ректоры) болып тағайындалған.

Тәжікстан, Өзбекстанда тәжірибе жинақтаған соң қызмет жолын Қазақстанда жалғастырды. 1933-1937 жылдары Оқу-ағарту халық комиссарлығы, үкімет жанындағы мәдениет және өнер ісін басқаратын комитетке төрағалық етті.

Жүргенов Қазақстанда мектеп және жоғары мектеп жүйесін кеңейтуге үлкен көңіл бөлген. Бұрын ашылған Абай атындағы педагогика, Ауыл шаруашылығы, Медицина институттары кеңейіп, материалдық базасы нығайды.

1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті (қазір әл-Фараби атындағы университет) мен Қазақ кен-металлургия институты ашылды.

1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өтті. Оны ұйымдастыру мен өткізу түгел Жүргеновтің мойнына артылды. Сол онкүндіктен кейін 1937 жылдың басынада музыкалық драма театры опера және балет театры болып қайта құрылды.

Жүргенов қазақ театры жұмысына талантты қазақ жазушылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғаббас Тоқжановты, Әбділдә Тәжібаев және басқаларын тартты.

1937 жылы 2 тамызда Қазақ КСР Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов Алматы қаласында қамауға алынды.

Жүргенов Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Нығмет Нұрмақов, Санжар Асфендияровпен бірге жалған айыппен 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түбіндегі Боралдай маңында атылды деген дерек бар.

1957 жылы 18  сәуірде КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы Темірбек Жүргеновті толық ақтады.

1993 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Жүргенов есімі берілді. Осылайша 2023 жылғы мерейтойлар тізімінде бірден екі дата бар. Бірі Жүргеновтің туғанына 125 жыл болса, енді бірі оқу орнына Темірбек Жүргеновтің есімі берілгеніне – 30 жыл.

АҚЫН ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИННІҢ ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ

Ақын, драматург, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалижан Бекхожин 1913 жылдың 15 желтоқсанында Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызылтауда туған. Азан шақырып қойған аты – Қалимұхаммед.

Қалижан Бекхожин 1932-1934 жылдары «Колхоз» газетінің редакциясында қызмет етті. Онда ол өзінің өлеңдері мен очерктерін жариялаған. 1938 жылы ҚазПИ-ді бітірген. Содан кейін Қазақстан Орталық комсомол комитеті комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындаған.

Соғысқа дейін Қазақстан Жазушылар одағында, Тіл және әдебиет институтында, соғыстан кейін Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан жазушылар одағында жұмыс істеді.

«Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938-1939 жылдары «Балтабай», «Кек», «Орман қызы», «Ақсақ Құлан» атты үш дастан жаздым. Үшеуі де жарияланды. «Орман қызы» Қазақстан Орталық комсомол комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алды», - деген Қалижан Бекхожин.

1942 жылы Қалижан Бекхожинді Ұлы Отан соғысына әскери журналист болуға шақырады.

Қалижан Нұрғожаұлы тек журналистік парызын ғана өтеп қоймай, әскери бөлімшелермен бірігіп соғыс қимылдарына да қатысқан. Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1942 жылдың жазынан 1946 жылдың ақпанына дейін атқарған. 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейітовті және Жұбан Молдағалиевті кездестірген. 

Соғыстан кейінгі жылдар ақын үшін өнімді болды. Ол 1948 жылы «Көктем» атты өлеңдер жинағын шығарды.

Қалижан Бекхожиннің «Под звездами Москвы» атты жинағы Мәскеуде 1949 жылғы қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсынды шықты.

«1949-1950 жылдары «Мәриям Жагорқызы» атты поэма жаздым. Бұл шығарманың тууына себепкер болған сол тұстағы жауапты партия қызметкері Ілияс Омаров еді. Менің ығыр сыннан кейіс көріп жүрген шағымда Ілияс Омаров қабылдады да, біраз кеңескеннен кейін: «сіз атақты Мариям Жагорқызы жайында дастан жазсаңыз жақсы болар еді» деп ақыл берді. Мен содан кейін Мариям туралы толғана бастадым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді. Атақты «Дудар-ай» әнінің авторын үйіме қонаққа шақырдым. Жасында еркін, сері өскен, қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариям сол бір хикаялы шақтарынан маған қызық сырлар шертті», - деп жазған Қалижан Бекхожин естелігінде.

Осылайша, 1950 жылы «Мариям Жагорқызы» деген дастан жарық көрді. Кейін түзетіліп, қайтадан басылды. Бұл поэма 1955 жылы Сидоренко аудармасы арқылы Мәскеуде орыс тілінде жеке кітап болып жарияланды.

Қалижан Бекхожин «Еңбек Қызыл Ту» орденімен екі рет, «Халықтар достығы» орденімен; ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

Қалижан Бекхожин 1986 жылы Қазақстанның халық жазушысы болды. 1990 жылы Алматы қаласында 77 жасында қайтыс болды.

МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ

2023 жылғы мерейтойлар қатарында композитор, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халық әртісі Мұқан Төлебаевқа қатысты айтулы дата бар. Мұқан Төлебаев 1913 жылы 13 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданында дүниеге келген.

Ол 23 жасында Мәскеудегі Луначарский атындағы театр институтына оқуға түскен. Оның аты Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамидимен қатар аталады.

1941-1945 жылдары Евгений Брусиловскийден сабақ алған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында республикада тұңғыш рет «Көтеріл ел, халық» деген әндер жинағы жарияланды. Мұнда Мұқан Төлебаевтың «Қанатым», «Соқ Барабан» әндері жарық көрді. Одан кейін көптеген ән, романстар жазды. Олар: «Бесік жыры», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос», «Көп жүрдім», «Май кеші», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын».

Ол Евгений Брусиловскиймен бірлесіп «Аманкелді» операсын жазған.

Қазақстан Республикасы алғашқы әнұраны авторларының бірі. 1943 жылы Қазақ КСР алғашқы мемлекеттік әнұранына байқау жарияланды. Соңғы нұсқа ретінде Мұқан Төлебаев, Егений Брусиловский мен Латиф Хамидидің әуеніне жазылған Әбділдә Тәжібаев, Қайым Мұқамеджанов, Ғабит Мүсіреповтің мәтіні қабылданды.

Мұқан Төлебаев соғыста алған жарасы қатерлі ісікке айналып 47 жасында дүниеден озған.

ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ 105 ЖЫЛДЫҒЫ

2023 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы Қасым Қайсеновтің туғанына 105 жыл болады.

Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген.

Қасым Қайсенов 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң 17 жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Ол өзінің өмірлік жары Асыл Қабышқызымен 1937 жылы 19 жасында шаңырақ көтерген.

Жазушы 1938 жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып бастаған.

Ол 1940 жылы әскерге шақырылып, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлаушы мектебіне жіберіледі. 

Араға бір жыл салып, 1941 жылы  Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді. Бір жылдың ішінде барлау ісінің қыр-сырын меңгерген сарбазды Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді.

«Мен соғыстың кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақты ма, әлде суішкілігім болды ма, соның бәрінде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менің қай жаным артық еді. Ендеше, мына көріп жүрген күндерімді "олжа" демей, не деймін», - дейді Қайсенов естелігінде.

1941-43 жылдары екі адамнан жеті мың адамға дейін жеткен ірі партизан құрамына еніп, №6 отрядтың командирі болады.

Соғыстағы ерлігі үшін Қасым Қайсенов төртінші Украин майданының партизан штабы тарапынан III дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылды.

Соғыс аяқталған соң Украинада қалуды да ойлаған. Алайда бұл ойынан Жұмағали Саин айнытады.

Елге келге соң Жұмағали Саин ағалық қамқорлығын көрсетіп, шығармашылық жолында ақылшы әрі сыншы болған.

Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерлігін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. 1955 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқярлық ерлігін шынайы суреттеген «Илько Витряк» кітабы жарық көрді. 1959 жылы «Ажал аузынан», 1960 жылы «Жау тылындағы бала» атты партизан жазбалары шықты. Жетпісінші жылдары «Днепрде», «Жау тылында» мол тиражбен екі рет басылып шықты.

1995 жылдың 9 мамырдағы президент жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды.

БИКЕН РИМОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

2023 жылғы мерейтойлар қатарында Бикен Римованың жүз жылдығы да бар. Кино экраны мен театр сахнасында қазақтың талай ару қызы мен абзал аналарының сүбелі образын сомдаған талантты актриса, қаламгер-драматург, Қазақ Республикасының халық әртісі, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың туғанына 2023 жылы жүз жыл болады. 

Бикен Римова 1923 жылы сол кездегі Талдықорған облысы Қаратал ауданы (қазіргі Қанабек ауылында) туған.

1939 жылы Бөрілтөбе аудандық орта мектебінің 7 сыныбын бітірген соң Алматы есеп-кредит техникумының экономика факультетіне түскен. Жарты жылдан кейін бұл оқуды тастап, Театр-көркемсурет училищесіне түскен. Оқып жүрген кезде «Абай» қойылымындағы көпшілік сахнасына қатысқан. Бұл Бикен Римованың театр табалдырығын ең алғаш аттаған кезі болды.

1943 жылы 3-курста оқып жүргенде актер шеберлігінен сабақ беретін Асқар Тоқпанов Бикен Римоваға «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін береді. Содан кейін Бикен Римова академиялық драма театрына актер болып қабылданған. Сол себепті училищені сырттай оқып, 1953 жылы бітірген.

Бикен Римова өмірінің 60 жылын театр өнеріне арнаған. Әуезов атындағы драма театрда 80-ге жуық рөлді сомдаған. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» Еңлік, «Қарагөзінде» Маржан, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер анасында» Жер-Ана және «Ақ кемедегі» Кемпір, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майра, Мольердің «Сараңдығында» Элиза, Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина, Шахмет Құсайыновтың «Алдаркөсесіндегі» Меңсұлу, «Сырымбет саласындағы» Зылиқа, Иоселианидің «Арбаң аман болсын» қойылымында Касария секілді бірқатар рөлді сомдаған.

«Бикен Еңлік үшін туған. Еңлік бақытты Бикенге кездескен», - деген Мұхтар Әуезов.

Бикен Римованың қазақ киносында да еңбегі зор. Қазақ киносындағы «Шабандоз қыз», «Менің атым Қожа», «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Арман, арман...», «Ақ аруана», «Махаббат туралы дастан», «Абай», «Ұлдың оралуы», «Ай астындағы үй», «Несібелі», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Құланның өлімі», «Гауһартас» тәрізді жиырмадан астам фильмде рөл сомдаған.

Қазақтың ең алғашқы көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильмінде Нұрбибі бейнесі арқылы да көпшілік есінде қалды.

Бикен Римова 2000 жылы 77 жасында 6 қаңтарда Алматыда дүниеден өтті.

ТАҚАУИ АҚТАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған.

1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен. 2-курста оқып жүргнеде өзі сұранып майданға аттанды. Алғашқы шығармалары да майдан шебінде жүрген кезде газеттерді жарияланған.

Майданда жүріп төрт рет жараланған Тахауи Ахтанов елге аман-есен оралған соң шығармашылыққа ден қойды. Жазушы сол жылдары: «Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді... Соның бәрінен аман қалып, әдебиетке кірген кезде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын...Жастығымның майданда өткенін айттым. Ал майданның адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім – осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұлғаластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін».

Тахауи Ахтанов 1948 жылы әскер қатарынан босаған. Содан кейін тек шығармашылықпен айналысты. Әдебиетке келген кезде аға буынның қолдауына ие болды.

Нәтижесінде «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары жазылды.

«Боран» романын Тахауи Ахтанов тәжірибесі толысқан шағында жазған. Бұл шығармаға автор үлкен ізденіс арқылы келді.

1963 жылы «Дала сыры» повесі болып жарияланып, қайта өңдеу, толықтырудан соң «Боран» драмасына, содан кейін осы аттас романға айналды. Осы шығарма үшін Тахауи Ахтанов 1966 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді.

Қазақстанның Халық жазушысы Тахауи Ахтанов 71 жасқа қараған шағында 1994 жылы 25 қыркүйекте ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды.

«ДЕТЕКТИВТІҢ АТАСЫ» КЕМЕЛ ТОҚАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ

Жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев 1923 жылы екінші қазанда Алматы облысы Қаратал ауданы Кәлпе ауылында туған.

1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында жауапты қызметтер атқарған.

1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған.

Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерін 1945 жылы және 1985 жылы алған.

80 жылдары қаламгердің туған ауылы Кәлпеде Кемел Тоқаев атындағы көше ашылды.

2008 жылы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры құрылған.

«Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ», - деген Кемел Тоқаев жайлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов.

Ал филология ғылымдарының докторы Шерияздан Елеукенов «Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар» деген.

Қаламгердің 1954 жылы «Жұлдызды жорық» деген атпен әңгімелері басылып шыққан.

1958 жылы «Қыс қарлығашы», «Тасқын. Көшкен үйдің қонысы қайда» деген атпен повестер мен әңгімелері жарияланды.

«Таңбалы алтын» повесі 1977 жылы шыққан. «Соңғы соққы» романы 1981 жылы жазылған. «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романы 1983 жылы жарыққа шықты.

Кемел Тоқаев – Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. Мемлекет басшысы әкесі туралы бірқатар сұқбатында айтқан.

«Әкем бала күнінен тағдыр тәлкегіне ұшырады. Ол ерте жетім қалды, балалар үйінде, интернатта тәрбиеленді. Содан кейін соғыс басталды, бұл тағы бір батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көптеген қиындықты басынан өткерді. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев дүниеге келген кезде әкесі Кемел Тоқаев 30 жаста, анасы 22 жаста болған.

«...Өкінішке қарай, әкеме тағдырдың сыйлаған ғұмыры ұзақ болған жоқ. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63-те, Пайғамбар жасында дүниеден өтті. Біздің отбасымызға зор қайғыл алып келген сол жағдайды еске алған сайын көп ойланамын. Өмірдің барлық қиындығы – жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешкен оның маңдайына ұзағырақ өмір сүріп, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздік алуы тәрізді тарихи оқиғаның куәгері болу бақыты неге жазылмады екен? Жаңа дәуірге аяқ баспастан бұрын-ақ осы төңіректе әңгіме бола қалғанда, ол Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз, дербес мемлекеткен міндетті түрде айналатынын айттатын», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» деген ғұмырнамалық кітабында.

Кемел Тоқаев 1986 жылы 63 жасында дүниеден өтті.

«БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ» МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген.

Қазақ балалар әдебиетінің бағына туған Мұзафар Әлімбаев алғашқы туындыларын 15 жасында жазды. Ол Павлодар облысы «Қызыл Ту» газетінде жарық көрді. Содан бастап Мұзафар Әлімбаевтың ұзақ та, жемісті шығармашылық жолы басталды. Бастапқыда Мұзафар Әлімбаев балалар жазушысы ретінде танылды, әдеби ортада «бала жанының бағбаны» атанды.

Мұзафар Әлімбаевтың алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары». Кітап 1952 жылы басылып шықты. Ол 1958 жылы «Балдырған» журналының бас редакторы болды, бұл қызметті 1986 жылға дейін атқарды. Мұзафар Әлімбаев әлем халықтарының жүздеген мақалын қазақ тіліне аударған. 

Мұзафар Әлімбаевтың төл туындылары мен аудармаларын қоса есептегенде 64 кітабы жарық көрген. Олардың арасында «Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Ақмаңдайлым», «Маржан сөз», «Балдәурен» бар.

1982 жылы «Аспандағы әпке» өлеңдер жинағы үшін мемлекеттік сыйлық алды.

Мұзафар Әлімбаевтың сөзін жазған әндер саны 200-ге жуықтайды.

Мұзафар Әлімбаев Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, «Отан»орденімен марапатталған. Мұзафар Әлімбаев 2017 жылы 94 жасында дүниеден өтті.

СҰЛТАНАХМЕТ ҚОЖЫҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Қазақтың көрнекті режиссері, Қазақ ССР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киномотографистер одағының хатшысы және көркемдік жетекшісі Сұлтанахмет Қожықов 1923 жылы 10 наурызда Таразда туған. 2023 жылғы мерейтойлар тізімінде режиссердің туған күні де алтын әріппен жазылады.

1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер болды.

1974 жылдан киностудияның көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді. 1955 жылы өзі жазған сценарий негізінде бойынша «Ана мен бала» тұңғыш көркем фильмін түсірді.

1958 жылы «Біз Жетісуданбыз» тарихи фильмі, 1961 жылы «Егер біздің әрқайсымыз», 1965 жылы «Шыңдағы шынар» фильмін қойды.

1970 жылы Қожықов «Қыз Жібек» фильмін қойды. 1985 жылы Қажымұқан жайлы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірді.

1970 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағы берілді.

1972 жылы «Қыз Жібек» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Сұлтанахмет Қожықов 1988 жылы 11 наурызда Алматыда қайтыс болды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама