×

Жөргек құрамындағы фталат репродуктивті жүйеге зиян – АҚШ-тағы инженер-химик

Бала қажетін өтеп үйренгенше 7 мыңға жуық жөргек ауыстырып киеді

 Ая Өміртай 07.11.2022 | 17:05
Коллаж: Halyq Uni

Баланың үзіліссіз жөргекпен жүруі денсаулығына зиян. Жөргектен бөлінетін зиянды химиялық қосылыстарды айтпағанда, несеп пен нәжістің ұзақ уақыт бала терісімен жанасуы, жөргек ішіндегі ауа айналымының дұрыс болмауы жақсы нәрсе емес, деп хабарлайды Halyq Uni.

АҚШ-та тұратын химик-инженер Ербол Абайұлы осы уақытқа дейін Қазақстанда сатылатын бір реттік жөргектердің 180 шақты түрін талдап, оның 12 түрін қолдануға болады деген тұжырымға келген.

Маман жөргек құрамында фталат, лосион, ауыр металл, парабен, ұшқыш органикалы қосылыстар, қалайы қосылысы (моно, ди, трибутилқалайы), формальдегид, консерванттар, бояулар, бисфенол қосылысы, поливинилхлорид, диоксин, парфюм, латекс сынды заттары бар жөргектерді алмауды ұсынып отыр.

Ербол Абайұлы ұсынған 12 жөргек түрінде жоғарыда аталған зиянды қосылыстар жоқ деп айтуға келмейді, дегенмен бұлар халықтың ең көп қолданатын Памперс, Хаггис, Меррис секілді жөргектерге қарағанда зияны аздау. 

Маманның айтуынша, бала өз бетінше қажетін өтеп үйренгенше орта есеппен 7 мыңға жуық жөргек ауыстырып үлгереді.

«Жөргектердің зияны жайлы интернеттегі бейнелердің шындыққа жанасатын тұстары бар. Енді мұны егжей-тегжейлі қарастырсақ, бәрімізге пайдалы болмақ. Бір рет қолданылатын жөргектің маңызды бөлігі – ылғал сіңіретін ішкі қабаты саналады. Бұл ылғал сіңіргіш ішкі қабат негізінен натрий полиакрилаты деп аталатын қосылыстан тұрады. Одан бөлек ішкі қабат құрамында целлюлозалы мақта (ағаш ұнтағы) болады және жөргектің эко түріне қарай бидай мен жүгері өнімдері де қосылуы мүмкін. Олардың ішінде натрий полиакрилаты құрамында өндіріс кезінен қалған зиянды акрил қышқылы мен акриламид қалдықтары болуы мүмкін. Акрил қышқылы теріні тітіркендіргіш қосылыс болса, ал акриламид тұтынған адамда қатерлі ауру тудыратыны анықталған. Бұл жерде акриламидті тұтынбасақ та, ол аз мөлшерде тері арқылы сіңетіні анық. Өкінішке қарай, қазіргі кезде акрил қышқылы мен акриламид құрамына тексерілген жөргектер жоқтың қасы. Натрий полиакрилаты тұтынушыларда токсинді шок тудырғаны себепті 80-ші жылдары тампондарда қолданылуы тыйым салынған. Токсинді шок жөргек киюшілерде анықталмағанымен мұның ұзақ уақыттық әсері әрі анық емес. Өкінішке қарай, барлық бір реттік жөргектерде натрий полиакрилаты болады», – дейді маман.

Ол көптеген дамығын елдерде жөргектерде болатын зиянды заттар мен өндіру кезінде қолданылған химиялық қосылыстардың барлығын ашып айтуға заң жүзінде талап қойылмайтындығын айтады. Тек жөргектердегі қорғасын қосылыстарының мөлшеріне тексерілуі міндеттелген. Ал бұл өз кезегінде қауіпсіздік тұрғысында әлсіз саясат. Ал жөргек құрамындағы пластиктерді жұмсарту үшін қолданылатын фталат репродуктивті жүйеде ауытқушылық тудыруы мүмкін.

«Жалпы жөргектердің ішкі-сыртқы беттері, манжетасы, қыстырмасы көбінесе полипропилен немесе полиэтилен пластиктерінен жасалынады. Бұл пластиктерді жұмсарту үшін фталаттар қосылады. Жалпы фталат гормональды жүйеге кері әсер беруімен қатар репродуктивті жүйеде ауытқушылық тудырады. Және бұл қосылыс ер адамдарда ұрық санының азаюына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар аталған пластиктер ұшқыш органикалық қосылыстар бөледі. Жеке тәжірибемізде бас ауыртатын өткір иісіне байланысты сатып алған жөргектерді қайтарғанымыз болған. Reproductive Toxicology ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сай, тексерілген 4 жөргек түрінде ұшқыш органикалық қосылыстардан толуол мен ксилолдың бөлінетіні анықталған. Бұл екі қосылыс репродуктивті токсиндерге жатады. Осыған байланысты адам терісінің ішінде гениталия аймағының жоғары сіңіргіштігі тағы бар. Балаларымыз үздіксіз жөргек киетінін ескерсек, бұл ерекше мән беретін мәселе болып отыр. Сол себепті органикалық ұшқыш қосылыс бөлмейтін және фталатты қосылыстар қосылмаған жөргектерді қолданған дұрыс», – дейді Ербол Абайұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама