×

Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғымен пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабы тәркіленді

 Динара Амантай 27.10.2022 | 12:42
Фото: polisia.kz

Шымкент қаласының полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың өзін бопсалағаны туралы арызбен жүгінді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Қорқытып алу») бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.

Аса ауыр қылмысты ашу мақсатында Шымкент қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде бірнеше күннің ішінде тергеушілер бопсалау жайтына қатысы бар күдіктілердің жеке басын анықтады. Екеуі де жергілікті қала тұрғындары болып шықты. Біреуі бұрын бірнеше рет сотталған.

ҰҚҚКБ-ның қызметкерлері күдіктілердің бірін тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ал сыбайласы қаладағы қонақ үйлердің бірінде ұсталды. Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғымен пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабын тәркіледі.

Қазір күдіктілер қамауда. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсталған азаматтардың қазан айының басында өздігінше билік ету арқылы тағы бір жәбірленушіге тиесілі Iphone 13 Pro Max ұялы телофонын алып қойып, қайтармай қойғанын анықтады. Бұл туралы арыз Еңбекші аудандық ПБ-да тіркелген.

Жедел уәкілдер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама