×

Назарбаев жарақат алған балуанға көмектесті

Дегенмен спортшы жартылай финалға шыға алмады

 Дастан Жұмабекұлы 21.10.2022 | 15:33
фото: ашық дереккөз

Испанияның Понтеведра қаласында күрес түрлерінен (U23) өтіп жатқан әлем чемпионатында 82 кило салмақта сынға түскен отандасымыз Темірхан Байғанин қырғыз балуаны Бексұлтан Назарбаевпен болған белдесуде жарақат алып, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады. Қырғыз балуаны Темірханды сүйемелдеп кілемнен алып шыққан сәтін UWW фотосуретшісі түсіріп үлгіріпті. Осы сурет жер-жүзіне тарап кетті. Бұдан қазақ пен қырғыз халықтарының достығын, спорттың - достықтың елшісі екенін көруге болады.

Осыдан кейін Қырғызстанның өкілі Бексұлтан Назарбаев ширек финалда грузин балуаны Бека Гурулимен кездесіп, 1:1 есебімен тең түскенімен, ұпайды соңғы иеленген қарсыласы жартылай финалға шығып кетті. Ал қазақ балуандарының арасында 60 кг салмақта күш сынасқан Олжас Сұлтан қола жүлдені жеңіп алды.

Кеше Испанияның Понтеведра қаласында күрес түрлерінен (U23) әлем чемпионатының төртінші күні ел қоржыны тағы да бос қалды. Жүлдеге ілігер деген 76 килодағы үмітіміз Іңкәр Жаңатаева қола жүлде үшін болған таласта жапон қызы Ясуха Мацуюкиден айласын асыра алмады. Жалпы, биылғы додада жапон қыздары жарап тұр. Олар кеше 5 салмақтың үшеуін жеңіп алса, біреуінде күміс, біреуінде қола жүлдені иеленді. Түрік қыздары 1 алтын мен 1 қола жүлдеге ие болды. Одан басқа ертеңгі 5 салмақтың тағы да төртеуінде жапон қыздары финалға шығып тұр.

Енді іріктеу кезеңін өткізген қыздардан жалғыз 57 кг салмақтағы Лаура Алмағанбетова ғана ертең АҚШ пен Англия елдері балуандарының жеңгенімен қола жүлдені сарапқа салады. Сонымен қатар 65 килодағы Дариға Әбен жұбаныш белдесуінде испан қызын жеңсе, қола медаль үшін Италия балуаны Елена Эспозитомен белдеседі.

Сондай-ақ бүгін еркін күрес шеберлері іріктеу кезеңін бастайды. Бүгін Дәулет Теміржанов (57 кг), Адлан Асқаров (65 кг), Талғат Сырбаз (70 кг), Дәулет Ергеш (79 кг) пен Юнус Гафуров (97 кг) боз кілемге шығады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама