×

Маман балаға ойыншық таңдағанда нені ескеру қажет екенін айтты

Петропавлдық мамандар ойыншықта зиян заттардың бар-жоғын тексерді

 Самат Жақып 18.10.2022 | 09:03
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері улы заттар шекті мөлшерден бірнеше есе артқан ойыншықтарды анықтады. Кезекті тексеріс кезінде олардан формальдегидтің, ксилолдың және бұдан басқа зиянды заттардың нормадан көп екені белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова іріктелген 129 ойыншық сынамасының 76-сы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ таңбалау қағидалары да бұзылған. Тіпті сегіз ойыншықтың үлгісі физика-химиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай болмай шыққан. Ал бұл баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

«76 сынама таңбалауға сәйкес келмеді. Ойыншықтардың 10,5%-ы физика-химиялық көрсеткіштерге сай емес. Бұл балалар үшін өте қауіпті екенін ескерткім келеді. Олардан формальдегид, метил спирті, фенол, гептан, ксилол және басқа да заттар анықталды»,- деді Татьяна Горлова.

Оның айтуынша, зерттеуге алынған ойыншықтардың 0,1%-ы ғана отандық өнім.

Басым бөлігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізілген. Яғни, талапқа сай келмейтін қауіпті ойыншықтар өзге елдерден әкелінеді. Мәселен Қытайда жасалған балық аулауға арналған ойын жиынтығында ксилол мөлшері қалыпты жағдайдан асып кеткен. Ал танк-трансформер ойыншығында гептанның, күйзелуге қарсы ойыншықта фенолдың мөлшері көп екені анықталды.

«Ата-аналарға көп жағдайда ашық түсті ойыншықтарды сатып алмауға кеңес береміз. Әдетте олардың құрамында талапқа сәйкес келмейтін химиялық элементтер көп кездеседі. Ал жалпы ойыншық сатып жатқан азаматтардың барлығында сапаға сәйкестік туралы декларация болуы керек»,- деді Горлова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама