×

Петропавлда былтыр ғана сатып алынған жаңа автобустар істен шығып жатыр

Тасымалдаушылар оларға қажетті құрылғыларды Қазақстаннан таппай дал

 Самат Жақып 12.10.2022 | 18:05
фото: Halyq Uni

Петропавл қаласында былтыр ғана жаңадан сатып алынған қала ішінде қатынайтын автобустар бірінен соң бірі істеп шығып жатыр. Себебі қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейді. Әрі тасымалдаушылар қытайлық техникаға қажетті қосылқы бөлшектерді сатылымнан таба алмай жүр, хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ШАҺАРҒА 100 АВТОБУС САТЫП АЛЫНҒАН

Былтыр «Жолаушылар көлігін жаңарту» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы тасымалдаушылар әрқайсысының құны 40 миллион теңге болатын YUTONG маркалы 100 жаңа автобус сатып алынған болатын. Кәсіпкерлер енді жеті жыл дегенде «Солтүстік» ӘКК (Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына) қарызын өтеуге тиіс. Бірақ, Үкімет бекіткен жоба арқылы алынған қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейді. Қосалқы бөлшектері істен шығып, автобустар біренше апта жөндеуде тұратын кездер болады.

«Қазір біз «КазТехно» компаниясымен жұмыс істейміз. Ол Сарань қаласында орналасқан. Ал Қазақстанда мұндай көліктерге сервистік қызмет көрсететін орталықтар мүлде жоқ. Тіпті елімізде оларға қосалқы бөлшектерді  де таба алмаймыз. Негізінен жаңа автобустарға 50 000 шақырым жол жүргенше кепілдік беріледі. Біз оны үш айда жүріп тастадық. Яғни, маршруттық автобустар үшін бұл өте аз. Ал бір жылда жаңа автобустардың барлығының рессорларын ауыстырдық. Тежегіштері жиі істен шығып қалады»,- дейді «Петропавл автобус» ЖШС басшысы Болат Рахимов.

Былтыр қаңтар айында YUTONG автобустарын сынақтан өткізу үшін Петропавл қаласына арнайы әкелінді. Бірақ ол автобустар сол күйі сынақтан өтпей қалып, бірнеше ақау шықты. Алайда соған қарамастан сол көліктерді кәсікеркер сатып алған. Енді бүгін шығынға батып отыр.

«Облыс әкімімен арнайы құрылған комиссия мүшелерінің таңдауы дәл осы YUTONG автобустарына түсті.  Сондықтан бәріміз осы көліктерді сатып алдық. Жеке өзім 1,2 миллиард теңгеге 30 автобус алдым. Қазір, міне бір жылда техникалар осындай күйге түсіп жатыр. Несиесін өтеп біткенше шашылып қала ма деп қорқамыз. Бастапқыда «КазТехно» компаниясы Астана, Алматы қалаларында қосылқы бөлшек үшін арнайы қойма ашамыз деген еді. Бірақ, мәселе әлі шешілген жоқ. Сондықтан қажетті құрылғыларды біз тікелей Қытайдан тапсырыс арқылы алдыртып жатырмыз», - дейді тасымалдаушы.

ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР СУБСИДИЯСЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР....

Кәсіпкерлер қаладағы азаматтардың жекелеген санатын жеңілдікпен тасымалдайды. Сол үшін жергілікті әкімдік оларға субсидия төлейді. Арнайы келісімшарт та бар. Алайда жыл басынан бері бизнесмендер субсидия қаржысын ала алмай жүр. Мәселен облыс орталығындағы ірі компаниялардың бірін басқарып отырған Болат Рахимовқа мемлекет қазірдің өзінде екі жыл үшін 400 миллион теңге қарыз. 

«Қалалық әкімдіктегілер субсидяны толықтай төлей алмайтынын айтып отыр. Оның үстіне былтырғы қарызы тағы бар. Жыл соңына дейін бұл цифр әлі өседі. Ал, біз қазір шығынға батып жатырмыз. Автобустарға қажетті қондырғылардың бағасы 3-4 есеге дейін қымбаттап кетті. Жанар-жағармай да арзан емес. Жұмысшыларға айлық төлеуіміз керек. Сондықтан мәселе шешілмесе, ертең жағдайымыз тіптен қиындап кетуі мүмкін», - дейді Болат Рахимов.

Қазір облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын барлығы сегіз компания бар. Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, биылға 1,9 млрд теңге субсидия қарастырылған. Бірақ кәсіпкерлерге бұл аздық етіп отыр.

«Тасымалдаушылар проблемасын айтып қалалық әкімдікке жүгінді. Олардың ұсынысы тарифтік комиссия отырысында да қаралды. Яғни кәсікперлер расында да шығынға батып жатса, бізге рны растайтын құжатын көрсетуі керек. Содан кейін ғана арнайы шешім қабылданады. Қазір олар бізден қосымша қаражат сұрап отыр. Ал, автобустарды олар өз ақшасына жөндеуі қажет. Біз тек тасымал үшін ғана субсидия төлейміз», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Бүгінде Петропавл қаласында 19 бағыт бойынша күніне 200-ге жуық автобус жолға шығады. Ал олардың 50% әбден ескірген. Жол жүру билетінің құны әзірге 80 теңге. Егер аталған проблема шешілмесе, тасымалдаушылар жол ақысын өсіруге мәжбүр болатынын ескертіп отыр.

Yutong - әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Онда жылына кем дегенде 50 мыңнан астам жолаушылар тасымалына арналған ұоғамдық көліктер шығарылады. Бүгінде Қазақстан бойынша аталған компания шывғарған 4000-нан астам автобус бар.

Yutong компаниясы жылға жетпей істен шығып жатқан Петропавлдағы жаңа автобустарға түсініктеме берді

«Компания өз тарапынан барлық кепілдік міндеттемелердің сақталуына баса назар аударады. Бұл сұрақ бойынша тексеріс жүргізілді. Әзірге тек бір тасымалдаушыда осындай сұрақ туындаған. Анықталғандай, ол техникалық қызмет көрсету талаптарын сақтамай отыр. Оның үстіне ол қосалқы бөлшектердің түпнұсқасын емес, өздігімен басқаларын салған. Негізінен мұндай проблемалар болса, компания сервистік қызмет көрсету паркінің мамандарды дереу жібереді», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама