×

«Уа, хан ием»: Түркістанда шаруалар әкімдік ғимараты алдына жиналды (ВИДЕО)

Шаруалар мақта бағасын көтеруге, субсидия алуға көмектесуді сұрап отыр

 Халық үні 12.10.2022 | 16:10
Фото: скриншот

Түркістанда мақта шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер әкімдік ғимараты алдына жиналды. Олар облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу үшін барған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шаруалар мақта бағасына көңілі толмайтынын айтты. Олардың сөзінше, кейбірі бұл кәсіпті бастайтын кезде үйі мен жерін, енді бірі көлігін кепілге қойған. Қазір еткен еңбек өзін ақтамай, банкрот болып жатыр.

Әкімдік ғимараты алдында жиналғандардың бірі – «Тілеубай ата» шарушалығының жетекшісі Марат Бұқаров.

«Мақта бағасы мен субсидияға қатысты мәселе көтердік. Басында мақта келісінің бағасы 500 теңгеден кем болмайды деп зауыттар уәде берген. Бірақ қазір бағаны 250 теңгеден есептеп отыр. 250 теңгеден аванс береміз деген, оны да берген жоқ. Кәсіп үшін алынған қарыздың 90 пайызынан құтыла алмайын деп тұрмыз. Бағаны реттеп беруін сұрап жиналдық», - дейді шаруа.

Шаруалар әкімдіктен баға көтерілмесе, жиналған мақтаның тоннасына 24 мың теңгеден, ал мақта егілген жердің гектарына 6 мың теңгеден субсидия алып беруді сұрап отыр.

Айта кетейік, 19 қыркүйекте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстағы шаруалармен кездесіп, олардың арыз-шағымын тыңдады.

Облыс әкімі мақта бағасының белгіленуіне орай ірі зауыт иелерімен келісімге келуге кіріскенін айтты.

«Мәселелер белгіленген тәртіп пен заң аясында шешіледі», – деді Дархан Сатыбалды.

Шиттi мақта – тоқыма өнеркәсiбi, май өңдеу, гидролиз, химия және басқа да салалары үшiн қажеттi шикiзат. Түркістан облысы мақта өсіретін бірден-бір өңір саналады және өнім экспортқа бағытталған.

Сондықтан баға саясаты да сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады.

Әкімдіктің хабарлауынша, жыл сайын өңірде 70 мың тоннадай мақта талшығы өңделсе, ішкі нарықтағы сұраныс – 20 мың тонна.

Өңірде өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Түркия, Ресей мен Еуропаға экспортталады. Мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі.

Әлеуметтік желіде шаруалар жиналған сәтте видео тарады. Ол жерде әкімдік ғимараты алдына жиналғандар «бізге әкім емес, бізге хан келіпті» дейді. Сондай-ақ «Уа, хан ием» деп шақырып, тізерлеп отырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама