×

Қазір елімізде 76 мың адам жұмыссыз жүр

Базар маңын торуылдап, 2-3 мың теңгеге жалданып жұмыс істейтіндердің қатары артқан

 Еркеғали Болатұлы 12.10.2022 | 11:13
фото: ашық дереккөз

Елімізде тұрақты жұмысы жоқ 76 мың адамның арасында NEET санатындағы жастар көп. Бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өзі растап отыр.

Қазір қалаларды базар маңын торуылдап, 2-3 мың теңгеге жалданып жұмыс істейтіндердің қатары артқан. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, қазір еңбекке жарамды адам саны 2 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе көп болғанмен, жұмыс орындары жеткіліксіз көрінеді.

Жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе артып, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмысшылар саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл мәселе пандемия мен әлемдік экономикалық қиындықтарға байланысты туындап отыр, - деді министр.

Жұмыссыздық мәселесі әсіресе СҚО мен Павлодар облысында өзекті болып тұр. Бұл екі өңірде не жұмысы, не мамандығы, не оқуы жоқ жастар көбейген.

Жастарға бірінші кезекте жұмысқа орналасуға көмектесу керек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, NEET санатындағы жастардың саны Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында көп. Ал бұл өңірлерде мамандарға сұраныс та көп. Аталған облыстардың әкімдіктері жастарды оқытып, жұмысқа орналастыру мәселесін жеке бақылауға алсын, - деді кеше премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі.

Сондай-ақ ол жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктеріне жұмыспен қамту идеологиясын өзгертіп, инфрақұрылымын жаңғырту және жұмыспен қамту орталықтарының қызметін толық цифрландыру қажеттігін ескертті.

Еске сала кетсек, бұған дейін жоғары білімі бар 60 мыңнан аса адамның жұмысыз жүргенін жазған болатынбыз. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама