×

Елімізде жоғары білімі бар 60 мыңнан аса адам жұмыссыз жүр

Магистратура мен докторантураны бітірген 1 033 адам жұмыссыз ретінде тіркелген

 Айгерім Таубай 16.09.2022 | 11:37
Коллаж: Халық үні

Елімізде 452 мыңға жуық жұмыссыз азамат бар. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облысында тұрады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың 2 тоқсаны қорытындысы бойынша елімізде 451 951 жұмыссыз азамат бар.

Оның ішінде Алматы қаласында – 53 175, Түркістан облысында – 42 190, Алматы облысында – 33 566, Нұр-Сұлтан қаласында – 29 000, Жамбыл облысында – 26 325, Қарағанды облысында – 25 086, Қостанай облысында – 23 985, Шымкент қаласында – 22 075, Ақтөбе облысында – 21 214, Ақмола облысында – 20 276, Павлодар облысында – 19 154, Маңғыстау облысында – 18 173, Шығыс Қазақстан облысында – 17 719, Қызылорда облысы – 16 955, Батыс Қазақстан облысы – 16 757, Абай облысы – 16 082, Атырау облысы – 15 973, Жетісу облысы – 15 603, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 004, Ұлытау облысы – 4 639.

Алайда 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында 256 957 адам ғана жұмыссыз ретінде тіркелген. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ ақпаратына сәйкес, олардың бірқатарының орта, кәсіптік және жоғары білімі бар.

3 567 адамның негізгі орта білімі бар. 169 890 адамның жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білімі бар, - делінген ақпаратта.

Жұмыссыз ретінде тіркелгендердің арасында орта білімнен кейінгі білімі бар 17 843 адам, жоғары білімі бар 60 393 адам бар. Сондай-ақ магистратура мен докторантураны бітірген (жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру) 1 033 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздар арасында қай мамандық иесі көп екенін де нақтылады. Бұл қатарда құқықтану, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, қаржы, бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі, экономика, есеп және аудит, дене шынықтыру және спорт, педагогика және психология мамандықтары бар.

Сондай-ақ, шет тілі: екі шет тілі, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерген адам да көп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама