×

Ресей азаматтығын алған адам айыппұл төлейді

Павлодар облысының тұрғынына 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынды

 Дастан Жұмабекұлы 11.10.2022 | 12:20
фото: ашық дереккөз

Елімізде Қазақстанның азаматтығынан бас тартып, Ресей азаматтығын алып, жеке басын куәландыратын құжаттарды тиісті органдарға тапсырмаған адамдар заң бойынша 428 мың теңге айыппұл төлейді.

Павлодар облысы Железин аудандық сотында Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзу фактісі бойынша Ресей азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды.

«Үрлітөбе» өткізу пунктінде шекарашылар тексеру кезінде Ресей азаматтығын алған адамның белгіленген мерзімде жеке басын куәландыратын құжаттарды уақытында тапсырмағанын анықтады.

Сот отырысында жауапқа тартылған тұрғын кінәсін толық мойындап, 2022 жылдың сәуір айында РФ азаматтығын алғанын, бірақ заңды білмеуіне байланысты Қазақстан паспортын тапсырмағанын түсіндірді.

Ол сотта елімізде әке-шешесінің тұратынын, сол себепті Қазақстан аумағынан шығармауын сұрады.

Сот қаулысымен оған Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 496-бабы 2-бөлімінмен кінәлі деп танылып, 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Қазір Ресейдегі ішінара мобилизацияға байланысты екі елде заңды және заңсыз тұрып жатқан азаматтардың саны анықталуда. Сыртқы істер министрлігінің Halyq Uni ақпараттық агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Ресейде 131 мыңнан астам Қазақстан азаматының заңды түрде тұрып жатқаны белгілі болды.

Министрліктің хабарлауынша, дәл қазір Ресейде заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ министрлік соғыс кезінде Ресейдің азаматтығын алғысы келетін қазақстандықтарға қатысты ұстанымын айтты.

«Әлемдегі көші-қон үрдісі жаһандық сипатқа ие. Халықаралық актілердің ережелері шеңберінде әр адамның өз азаматтығын өзгертуге құқығы бар. Ал Ресейге өз еркімен барған немесе отандастарын көшіру бағдарламасы бойынша қоныс аударған Қазақстан азаматтары Ресей заңнамасында қабылданған азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі арқылы Ресей азаматтығын ала алады», – деп хабарлады СІМ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама