×

«Қазақстанда қанша қаңғыбас ит-мысық барын ешкім білмейді». Бриджит Бардо астаналық панажайға көмектесіп келеді

Қазір «Я живой» атты панажайда 162 мысық пен 83 ит бар

 Айнұр Шошаева 06.10.2022 | 16:03
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда қаңғыбас ит-мысықтардың мәселесі мемлекеттік деңгейде шешімін таппаған өзекті проблеманың бірі. Бүгінде елде қанша қаңғыбас жануар барын ешкім білмейді, бірде-бір орган статистикасын жүргізбейді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде қаңғыбас иттің мектеп оқушысын талап тастағаны туралы ақпарат жиі кездеседі. Қауіпсіздік пен санитарлық жағынан мәселе өзекті болғанымен, оны түпкілікті шешуге үкімет қауқарсыз. Әзірше қаңғыбас ит-мысықтар мәселесін жекеменшік панажайлардың арқасында шешіліп жатыр.

Астанада бірнеше панажай бар, соның бірі «Я живой» деп аталады. Аталған панажайдың құрылтайшысы Елизавета Леписей. Экономика маманы үш жыл бұрын  бірнеше әйелмен бірігіп, қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстап, емдеумен айналыса бастаған. Біртіндеп өз үйінің жанынан панажай салып, қазір қарауындағы ит-мысықтармен жұмыс істейді. Қазір онда 162 мысық пен 83 ит бар. 

«Жануарларға жаны ашитын адамдар қаржылай көмектесіп тұрады. Панажайдың шығыны өте көп, ай сайын кемінде 5 млн теңге кетеді. Оның өзінде бұл тек олардың тағамы мен еміне кететін ақша. Бұдан бөлек құрылыс жұмыстары бар. Мысықтарға үй тез табылады, иттерге қарағанда оларды жиі әкетеді. Босаған орынға басқасын әкеліп орналастырамыз. Көшеде қалған ит-мысықтар өте көп. Кейде далада кетіп бара жатқанда оларға қарамауға тырысамын, өйткені көптігі сонша, бәріне орын табыла бермейді», – дейді волонтер. 

Айтуынша, панажайға қолға үйретілген жануарларды алмайды. Себебі қаңғыбастарға қарағанда олар әлсіз келеді. 

«Көбіне тұрғындар ит-мысықтарын өздері алып келеді. Бірден үйдің иті мен мысығын алмайтынымызды айтамыз. Өйткені олар мұндай жерге түскенде тез өліп қалады. Үйде еркелік пен күтімге үйренген олар үшін мұндай панажайда тұру стресс, өздерін керексіз сезініп, тамақ ішпей қояды. Үйге үйренген ит-мысықтың иммунитеті далада өмір сүретін жануарларға қарағанда әлсіз болып келеді. Иелері әкелсе алмаймыз, тек хабарландыру беріп оларға жаңа үй табуға көмектесеміз», – дейді Елизавета. 

Қазір панажайдағы мысықтармен жұмыс істейтін екі жұмысшы бар. Елизавета бірнеше айдан бері иттермен жұмыс істейтін маман таппай отырғанын айтады. Панажайда ветеринар бар, ит-мысықтарды стерилдеп, екпе егу сияқты коммерциялық қызмет көрсетіп, жұмысшыларына жалақы төлеп отыр. 

«Қоғамда жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі өзекті. Адамдарға ит-мысықты бермей тұрып оның тұратын жерін, жағдайы бар ма бәрін сұраймыз. Алып кеткен соң, біраз уақыттан кейін «мына ит үрмейді» деп қайтарып беретіндер бар. Итке де жаңа қожайынға үйренгенше уақыт керек», – дейді. 

Күн сайын панажайдан орын сұрап 30-40 хабарлама түседі. Бос орын болмаса да, жануарды жиі есіктің түбіне тастап кетеді. 

«Әкімдік үйдегі ит-мысықтарды стерилдеу мен кестіруге ақша бөледі. Панасыз иттерге көмек жоқ. Бізге француздық киноактриса Бриджит Бардо қоры қаржы бөлді. Ол тұрмысы төмен, үйіндегі жануарларына стерилдеу жасай алмайтын тұрғындарға көрсетілді. Себебі оларға екпе жасалмаса көбейе береді. Бұл кейін көшедегі қаңғыбас ит-мысықтың көбеюіне әкеледі. Халықаралық мамандардың мәліметтері бойынша, қалада кемінде 50 мың панасыз жануар бар. Әкімдік әзірге қаладағы қаңғыбас ит-мысықтарды санап жатқан жоқ, оған қомақты ресурс пен уақыт керек. Былтыр Бішкекте өткен панасыз жануарларға қатысты тренингке қатыстым. Онда жануарларды аулау, стерилдеу, екпе егіп, қайтадан далаға жіберу бізге қарағанда әлдеқайда жақсы дамығанын көрдім», – деп толықтырды панажай иесі. 

Сонымен бірге Елизавета қазақстандықтар ит асыру мәдениетіне мән бермейтінін атап өтті. 

«Көбінесе британ және шотланд тұқымды мысықтар түседі. Бір кездері дәл осы тұқымды асыру сәнге айналған еді. Алайда олардың мінезі өте нашар. Марғау кезінде әдемі, мінез көрсете бермейді. Өскенде онымен тіл табысу қиын болған соң, далаға лақтырып тастайды. Бенгал, сфинкс мысықтар да болды. Ал иттерден көбіне хаски жиі кездеседі. Ол көп жүретін (жүгіретін) ит. Күн сайын ондаға шақырым жүруі керек, ал оны бір-екі бөлмелі пәтерге қамап қояды. Сосын түнімен үріп, ұли береді деп лақтырады. Бұдан кейін неміс овчаркасы көп, ол да үйде отырғанды ұнататын ит емес. Яғни, адамдар ит-мысықты алғанда оның сипаттамасына қарамайды, сондай-ақ тиісті күтім жасамайды», – деді ол. 

Айта кетейік, даладан келген ит-мысықтар панажайда тексеріледі. Жартысынан көбінде вирустық ауру кездеседі. Мамандар оларды емдеп, стерилдеп, қолға алғысы келетін адам іздейді. Астанадан бөлек, Қазақстанның кез-келген өңіріне салып жібереді. Бірнеше ит пен күшік Америка, Канадаға, ондаған мығысы Испания, Ресей мен Францияға кеткен. 

«Мемлекет панасыз ит-мысықтарға қалай көмек көрсету керегін білмейді. Меморганда жануарларды қолдайтын және қарсы тарап та бар. мемлекет тікелей қолдамағанымен, шағын гранттар арқылы қолдап отырады. Қазақстанда қайырымдылық басқа елдерге қарағанда басқаша жұмыс істейді. Мәселен, бізге қолдау көрсетіп отыратын француздық қордың ақша жинаумен проблемасы жоқ, біздегі қорлары сияқты әлеуметтік желі арқылы ақша жинамайды. Бізде тұрақты демеушілік жоқ, бар болса да айтылмайды. Қазақстанның қайырымдылық қорлары әр жағдай бойынша халықтан көмек сұрайды. «Қазақстан халқына» қоры құрылғанда қуанып едік, ол тек адамдарға көмектеседі», – дейді Елизавета.

Еске сала кетейік, биыл 2 наурызда елімізде Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң күшіне енді. Онда 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуін міндеттейтін норма бар. Сонымен бірге есепке алу иелерінің есебінен жүзеге асырылатынына назар аударған жөн. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді.

«Қазақстанда қанша ит-мысық барын ешкім білмейді, статистика жүргізілмейді. Жаңа заң бойынша 2023 жылдан бастап елдегі барлық тұрғындар қолындағы барлық жануарын чиптеп, есепке алуы керек. Панасыз иттердің көбейетінін елестету қиын. Себебі оны чиптеп, тіркеуге ақша шығарғысы келмеген адам жануарларды далада қалдыра салуы мүмкін. Халықтың жауапкершілігін арттыру үшін қажетті шара. Жауапкершілік болған жағдайда ғана, қаңғыбас ит-мысықтар азаяды», – деп қорытындылады Елизавета Леписей.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама