×

Қазақстанда электронды темекіге әуес жасөспірімдер көбейген

Жыл сайын елімізге 2 миллион литрден аса электронды темекі сұйықтығы импортталады

 Еркеғали Болатұлы 06.10.2022 | 11:43
фото: ашық дереккөз

Елімізде электронды темекі тұтынатын жасөспірімдер қатары күн санап көбейіп барады. Бесіктен белі шықпаған балғындармен қатар, қаршадай қыздар да шылым шегуден қалысар емес. Бұған денсаулыққа зиянды өнімнің еш кедергісіз сатылуда да себеп деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Сатушылардың айтуынша, соңғы 3 жылда бұл өнімге деген сұраныс 3 есе артқан. Бағасы да арзан емес. 3-20 мың теңге аралығында сатылады.

Жалпы, ондай жағдайлар жоқ деп айта алмаймыз. Кездеседі. Егер кәмелетке толмаған, 16 жасқа толған болса, ата-анасына 441-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. 15 АЕК айыппұл салынады. 16 жасқа толмаған жағдайда, онымен профилактикалық әңгімелесу жүзеге асырылады, - дейді Қостанай қаласы ЖПБ ювеналдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Маржангүл Бейсембаева.

Ал дәрігерлер электронды темекі саудасына мүлдем тыйым салу керек деп отыр. Өйткені зиянды өнімді тұтынатын жас буынның денсаулығы нашарлап, сабақ үлгерімі төмендеп, ұйқысы қашады. Есірткіге бейім ұрпақ қалыптасады.

Зерттеулерге жүгінсек, никотинді тұтынған балалар есірткіге бейім болады. Оның сыртында, оқу үлгерімі төмендейді. Бүйрегіне әсер етеді. Күйзеліс гармондарын көбейтеді. Ұйқысы бұзылады, - дейді невролог Айгүл Құдайбергенова.

Саудада электронды темекінің алуан түрі бар. Өнім 21 жасқа толғандарға ғана сатылуға тиіс. Алайда оны алғысы келетін жеткіншектер жеткілікті.

Жасөспірімдер жиі келеді. Бірақ біз оларға сатпаймыз. Сондықтан олар ағасы арқылы алғызып алады. Тіпті кейде ата-анасымен келіп сатып алатындар кездеседі, - дейді сатушы Вадим Батук.

Зиянды өнім саудасы әлеуметтік желіде де қызып тұр. Тапсырыс берсең, жасыңа да қарамай, жедел жеткізеді. Никотині бар сұйықтық Ресей мен Қытайдан келеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізге 2 миллион литрден аса электронды темекі сұйықтығы импортталатын көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама