×

Орал қаласының іргесіндегі ауыл тұрғындары облыс әкіміне үндеу жолдап, талап қойды

Олар облыс басшысынан ауыз су мәселесін тез арада шешіп беруді талап етіп отыр

 Халық үні 10.02.2022 | 16:35

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы Зеленое ауылының тұрғындары ауыз су тартылуын талап етті. Ауылдың ортасына жиналған елу шақты адам мәселесін ортаға салып, облыс әкіміне ұжымдық хат жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Зеленое ауылы мен Мичурин ауылының арасын өзен ғана бөліп тұр. Ал Мичурин ауылы облыс орталығы Оралмен бірігіп жатыр. Бір кездері өңірді жеміс-жидек, көкөніспен қамтыған, топырағы шұрайлы Зеленое ауылында ешқашан орталықтандырылған ауыз су болмаған.

Тұрғындардың облыс әкіміне жазған хатында ауыз су мәселесін шешу неше жылдан бері уәде күйінде қалатыны айтылып, оның нақты шешімін табатын уақытын сұраған.

«Бұл ауылға келін боп түскеніме 20 жыл болды. Ауыз су – біз үшін арман. Көлікпен тасымалдайды. Литрі бір теңгеден сатылады. Басында үздіксіз жеткізетін. Кейін аптасына бір рет, одан кейін 10 күн сайын, кейде одан да ұзап кететін болды. Тасымалдайтын су бізге мүлдем жетпейді. Қыстың күні 10 күнге жететін суды қайда құямыз? Сырттағы ыдыстағы судың бәрі қатып қалады, мұзды ерітіп ішеміз. Жазда бөшкелерге құйып алған суымыз 10 күнге шыдамайды, бұзылады. Сегіз баласы бар отбасы бар, олар бәріне жеткілікті болу үшін қанша су жинап қоюы керек, ойлап қараңызшы?! Әкімдік су таситын көліктің бензинін бөледі. Тозығы жеткен ескі көлік жиі бұзылады, қаңтар айында ауыл сумен бір рет қана қамтылды. Күші жететіндер Шаған өзенін ойып, су алып ішеді. Төменде жатқан өзеннен су алып шығуға бәрінің шамасы келмейді. Қар суын ерітіп ішіп отырмыз, - дейді Зеленое ауылының тұрғыны Жансұлу Ермекова.

Зеленое ауылында жол, интернет, жедел жәрдем, қоқыс шығару сияқты мәселелер де әлі шешімін таппаған. Алайда, ауыл тұрғындары бірінші кезекте ауыз су мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр.

2022 жылы су кіргізіледі деп уәде берген. 2 ақпан күні Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары келіп «Эскиз бүгін астанаға кетті. Ол мақұлданғанның өзінде 2022 жылы су кірмейді. 2023 жылы, әрі кеткенде 2025 жылы ауыз су жетеді» дегенін өз құлағыммен естідім. Эскиз жобасы 5 жылға жарамды екен. Ауылдан 1,5 шақырым жерде су құбыры келіп тұр екен. Бұл туралы әкімдік ештеңе айтпайды, - деді Жансұлу Ергенқызы.

Зеленое тұрғыны Тілеген Жұматовтың айтуынша, ауылда 428 адам тұрады екен. Олардың қатарында қарт кісілер, жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар да бар.

«Олар ішіп отырған өзен суына көктемде жан-жақтан бәрі (лас) ағып келеді, жарамсыз екенін бәрі түсінеді. Жазда ол су сасиды. Сайлау алдында келген әкім «Құжаттар әзірленуде, алдымен көрші ауылдарға өтеді, сіздерге соңынан» деді. Көрші ауылдарға су тартылып болды. Біздің ауылдың жоба құжаттары мақұлданғанын әлі айтпады. Жобаның мерзімі өтіп кеткен соң оған қайта ақша бөледі, тағы уақыт кетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Ақбұлақ» бағдарламасына екі Қазақстанды сумен қамтитындай қаржы бөлінді» деп сынға алып еді. Республикадан ауыз суға бөлінген қаражат қайда жұмсалуда?», - дейді ашынған ауыл тұрғыны.

Ауыл тұрғындары соңғы үш жылда әкімді көрмегенін, кездесуге тек орынбары келетінін айтып шағымданды. Сондай-ақ жергілікті биліктің жауабына қанағаттанбайтынын айтып, облыс басшысынан ауыз су мәселесін шешіп беруді талап етті.

Бәйтерек ауданының әлеуметтік желідегі парақшасында 09 ақпан күні Мичурин, Белес, Переметный округтерінде аудан әкімінің есептік кездесулері өткені туралы ақпарат жарияланған. Мұнда әкімдіктің баспасөз қызметі Зеленое ауылындағы ауыз су мәселесі жайында «…Өткен 2021 жылы Мичурин және Асан ауылдарында жол жөнделіп, көше жарығы жүргізілді. Жамбылда жаңа мектеп құрылысы, Октябрский ауылында жол құрылысы басталды. Зеленое елді мекеніне ауыз су тартуға жобалық-сметалық құжаты дайындалды» деп хабарлайды.

Нұрлыбек Рахманов, БҚО

Серіктес жаңалықтары

Сараптама