×

«Түнімен самса пісіріп, күндіз есігін жауып алады». Астана тұрғындары наубайхана жұмысына наразы

Тұрғындар тиісті органдардың еш шара қолданбай отырғанына налыды

 Гүлбаршын Нұрхан 02.11.2023 | 14:50

Астана қаласындағы Хиуаз Доспанова 2/3 үйінің тұрғындары Halyq Uni редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Олар тұрғын үйдің дәл астындағы наубайхананың заңсыз жұмыс істеп отырғанына наразы. Тұрғындардың айтуынша, наубайханада тазалық сақтамағанның салдарынан бүкіл үйді тышқан мен тарақан қаптаған. Оған қоса газ баллонын заңсыз пайдаланып отырғанын жеткізді. Тұрғындар бірнеше жылдан бері газ баллоны жарылса, үй де жарылып кетеді деген үреймен өмір сүріп келеді екен.

Көріп жүрміз ғой. Бәліш пен самса толып тұрады. Солардың кесірінен бүкіл үйді иіс жайлап жатыр. Олар түнімен жұмыс істейді, күндіз демалады. Біз барғанда есігін де ашпайды. Осыған дейін санитарлық эпидемиологиялық қадағалау орталығына тексеруін сұрап хат та жаздық, бірақ олар мораторий деген желеумен тексермей отыр, - дейді тұрғын Балнұр Тулепова.

Ашуға булыққан тұрғындар наубайхана басшылығы мен қызметкерлеріне де бірнеше рет ескерткен. Алайда еш нәтиже болмаған соң санитарлық эпидемиологиялық қадағалау орталығына, төтенше жағдайлар департаментіне, сондай-ақ әкімдікке де арыз жазып, тексеруді сұраған. Бірақ ол жақтан да мардымды жауап ала алмаған тұрғындар тағы қайда жүгінерін білмей отыр.

Наубайхана жұмысшылары газ баллонын қолданады. Газ баллоны кез келген уақытта жарылып, бәріміз үйінді астында қалып кетеміз бе деп үрейленіп отырмыз. Барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде төтенше жағдайлар департаменті еш шара қабылдамай отыр. Олар біздің арыз-шағымызды қарамайды, мораторий барын желеу етіп, байланысқа да шықпай отыр, - дейді үйдің тұрғыны Юлия Мендецкая.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама