×

Балама барынша жақын болғым келеді – депутаттар Әкелер күні туралы

Мереке Қазақстанда алғаш рет атап өтіліп жатыр

 Дәурен Ерболат 18.06.2023 | 09:00

Бүгін, 18 маусым – Әкелер күні. Осыған орай Halyq Uni тілшісі Мәжіліс депутаттарынан бұл күнді қалай мерекелейтінін және әкеден қандай өсиет қалғанын сұрады.

Айдарбек Қожаназаров, депутат:

Мен сізден бірінші рет осындай мереке барын естіп тұрмын. Әке болғандықтан шынымен де қуаныштымын. Себебі, әрдайым әкелер шеттетілетін. Құдай қаласа, осы мерекені балаларымен өткіземін.

Асхат Аймағамбетов, депутат:

Бұл мереке бекітілгенін жақсы білемін. Шынымен де мұны қуанышпен қабылдадым. Тек осы мерекеде емес, жауапкершілігі жоғары әке ретінде мен күнделікті балаларыма уақыт тауып, көңіл-күйін бақылап, әңгімелесіп, ойнап, бірге кітап оқып, оларды бірге талқылап, жақын болуға тырысамын. Сондықтан бұл күн де біз үшін тағы бір осындай мүмкіндік деп санаймын.

Ермұрат Бапи, депутат:

Мұндай сұрақ қойылғанына абдырап қалдым. Білмеймін. Бәлкім, балаларды жинап, бір жерде шай ішеміз бе? Оларға өсиет айтамын ба? Осындай бір кездесу болатын шығар деп ойлаймын.

Абзал Құспан, депутат:

Қателеспесем, бұл мереке бұрын соңды атап өтілмеген. Алғаш рет мерекелегелі жатырмыз. Мұны бір формальді мерекеге айналдырмау керек. Әрбір ата-ана, әрбір әке осы күнге назар аударып, ең болмаса, отбасы, ошақ қасында, дастархан басында балаларына бір (мәнді) әңгіме айтып берсе екен деп тілеймін.

Айдарбек Қожаназаров, депутат:

«Алты ағайын әке болмас, жеті жеңге ана болмас» деген қазақта мақал бар. Әкенің өсиеті емес, оның жанымда болғаны маған үлкен көмек болды. Себебі, ол асқар тауым ғой. Әкем маған «Әрдайым білім ал, білімді болуға ұмтыл, адал бол, сөзіңе берік бол» деп өсиет айтатын. Әкемнің айтқандарын 40 жыл бойы ұстанып келемін.

Берік Бейсенғалиев, депутат:

Өкінішке қарай, әкем 8 жасымда көз жұмды, өмірден ерте кетті. Әкем «Еліңе, жеріңе адал бол! Үлкенді сыйла! (Сабақты) жақсы оқы» деп ақыл беретін. Оның айтқан өсиетін орындадым. Біріншіден, сабағымды жақсы оқыдым. Мектепті «Алтын медальге», университетті «Қызыл дипломға» бітірдім. Профессормын, экономика ғылымдарының докторымын. Екіншіден, Әкем «Еліңе, жеріңе адал бол!» деді ғой. Қазір істеп жатқан жұмысымыз да елге қызмет ету.

Асхат Аймағамбетов, депутат:

Әкем ерте қайтыс болса да, оның берген тәрбиесі, айтқан сөздері (есімде). Жалпы «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді ғой. Сондықтан әкенің берген тәрбиесі әсіресе, ер адам үшін ерекше деп ойлаймын. Сондықтан елімізде бұл мерекеде ауқымды, тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өтеді деп санаймын.

Абзал Құспан, депутат:

Бала кезімде мінезім қызбалау болды. Соны әкем байқаған болуы керек. Ол «Аман ердің аты шығар. Асықпа балам, асықпа» деп жиі айтатын. Сол мақалды жиі есіме аламын. Жасыратыны жоқ, кейбір кездері асығамыз. Біреуге бірдеңені дәлелдеуге, болмай жатқан дүниені болдыруға асығамыз. Әкемнің осы сөздерінің мағынасын жасым 40-тан асқанда ғана түсіне бастаған сияқтымын.

Ермұрат Бапи, депутат:

Әкем мал маманы, өз саласында білімдар болды. Ол мал дәрігері институтын бітірмей, техникум дәрежесімен бөлімшенің бас мал дәрігері болды. Совет одағы кезінде мұндай жағдай сирек болатын. Ол маған «Балам, ең бастысы өз ісіңнің, кәсібіңнің маманы, шебері болсаң және оны адал атқарсаң, адал еңбегің халыққа, көрші-қолаңға көрініп тұрса, сен қадірлі, қасиетті боласың» деп өсиет беретін. Әкемнің осы өсиеті әрдайым санамда жүреді.

Асхат Аймағамбетов, депутат:

Әкенің тәрбиесі өте маңызды. Осы бір айтулы күнді күнтізбемізге бекіту үлкен қадам деп ойлаймын. Сондықтан осы тұрғыдан барлық әке баларына уақыт тапса, яғни балаларымен ойнауға, бірге кітап оқуға, бірге әңгімелесуге, бірге кино көруге, өсиетін, ақылын айтып отырса. Бұл да үлкен тәрбие болып саналады. Өйткені, Білім және ғылым министрлігі және басқа да халықаралық ұйымдар өткізген зерттеулердің мәліметінше, (Қазақстанда) әкелердің тәрбие жұмысына қатысуы жеткіліксіз деңгейде.

Абзал Құспан, депутат:

Біз көп жағдайда бала тәрбиесін аналардың мойнына жүктеп қойдық. Осыдан сабақ алуымыз керек. Әке міндетті түрде өзінің тәрбиелік функциясын атқаруы қажет. Ол бала тәрбиесіне араласуға тиісті. Мерекеде осыны түсінсек, бұл аздық етпейді деп ойлаймын.

Ермұрат Бапи, депутат:

Әрине, өзім де әкемін. Бұл жаңа мерекенің болғаны да дұрыс. Ел болып, қазақ болып, мемлекет болып қалыптасуымыздың өзі әкелердің арқасы ғой. Басқа елдерде де солай шығар. Бірақ қазақтың кең байтақ жерінде ел мен жерді, ұлтты қорғап қалған әкелер ғой. Сондықтан бұл мерекеге ұлттық тұрғыда қарау керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама