×

ДДСҰ бас директоры мен Жүрсін Ерман құда болып шықты

Тедрос Гебрейесус қазақтың ақынын 70 жасқа толуымен құттықтады

 Халық үні 06.12.2021 | 12:40

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерманды мерейтойымен құттықтап, бір ауыз өлеңін жатқа оқыды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус Facebook-тегі парақшасында ерекше жазба жариялады. «Congratulations Zhursin Yerman Kuda! Құтты болсын, Жүрсін Ерман Құда!» деп басталатын жазбаның астында қазақи шапан мен бөрік киген ДДСҰ басшысының Жүрсін Ерманды мерейтойымен қазақ тілінде құттықтаған видеосы салынған.

Құрметті Жүрсін құда! Мерейтойыңыз құтты болсын! Денсаулығыңыз зор болсын! Өмір ұзақ болсын! Құдалығымыз мәңгілік болсын! - дейді Тедрос Гебрейесус.

2 желтоқсанда 70 жасқа толған Жүрсін Ерманның айтуынша, оның жиені (кіші қызының қызы) Тедрос Гебрейесустің ұлына тұрмысқа шыққан. Қазір жиені Женева қаласында тұрады.

Тедрос Гебрейесус Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қызметіне 2017 жылы кірісті. 2012-2016 жылдары Эфиопияның Денсаулық сақтау министрі ретінде қызмет еткен.

Еске салайық, 29 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария конфедерациясына ресми сапары барысынла ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске екінші жаңа QazCoVac-P вакцинасы туралы айтты. Аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Президент қазақстандық вакцинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшысына алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама