×

Ыстық су, жылу, жол жоқ: «Өркендеу» тұрғындары Жеңіс Қасымбекті үйіне қонаққа шақырды

Тұрғындар мердігер компания өкілінің берген уәдесіне сенбейді

 Наима Нұрәлі 07.04.2023 | 18:25

Ыстық су мен жылудан қағылып, үлкендер жұмысқа, балалар мектепке бару үшін «салафанмен саз кешетін» астаналықтар әкім Жеңіс Қасымбекті үйлеріне қонаққа шақырды.

Елордадағы А.Байтұрсынов, 36А мекенжайындағы көпқабатты үй тұрғындары жаңбыр жауса, батпаққа батып, күн жылынса, шаңға көмілетініне шағынады. Бұл ғана емес, 100-ден аса отбасы ыстық су, жылудан қағылған. Пайдалануға берілгеніне бір жыл толмай жатып, 9 қабатты үйдің жедел сатысы да істен шығыпты.

«Былтыр қараша айында үйдің кілті берілді. 1-2 күнде су, жылу, жарық қосылады деген. Уәдесі орындалмағаннан кейін улап-шулап жарықты өзіміз қостырдық. 27 желтоқсанда жылуды қосты. Ертесіне жылуға жауапты мекеме өкілдері оны өшіріп кетті. Қайтадан ереуілге шығып, қостырдық. 10 қаңтарда су берілді. Содан бері бәрі жақсы еді, кеше «Астана-Теплотранзит» мекемесінің өкілдері аяқ асты ыстық су мен жылуды өшіріп кетті. Бір жыл да өткен жоқ. Үйдің маңы қоқыстан көз ашпайды. Балаларымыз ауырып жатыр. Лифт жиі бұзылады», - деді Қанат Әбдіғалиев.

Көпбалалы ана Ләззат Дүйсенәлиева бірнеше рет лифтінің ішінде қалып қойған екен. Күніне 10-15 рет бұзылатынын айтып отыр.

9-қабатта тұрамыз. Балаларым лифтке кіруге қорқады. Әкім мырза, шешімін тауып беріңіз. Жолды қолға алыңыз. Жылы жерде отырған шығарсыз, біздің үйімізде жылу жоқ. Айнала батпақ, - деді Л.Дүйсенәлиева.

Көз алдымызда бір келіншек батпаққа батып қалды. Аяқ киімі мен шалбарына жағылған айғыз-айғыз батпақтан-ақ жолдың жағдайы айтпаса да түсінікті. Тұрғындар жергілікті билік бір амалын тапқанша, саз балшық кешуге мәжбүр. Бұл мәселелердің бәрінен әбден мезі болған жұрт талай табалдырықты тоздырған. Бірақ мардымды жауап болмағанын айтады. Арызын арқалап Akan Building кеңсесіне де барды. Өзін компания өкілімін деген Сүйіндік есімді азамат су мен жылу мәселесінің шешілетінін айтты.

Бүгін жылу, ыстық су беріледі. Келесі рет қайталанбайды. Заңсыз өшірілген екен. Лифтті ауыстырамыз», – деді Akan Building өкілі.

Алайда, тұрғындар мердігер компания өкілінің берген уәдесіне сенбейді, кезекті өтірігі деп отыр. Ал жол мәселесін Алматы ауданы әкімдігі инфрақұрылым бөлімінің маманы Нұрмат Абдраимов болса, «ертеңнен бастап» шешеміз деді.

«Ертеңнен бастап А.Байтұрсынов көшесінде А-62 көшесінен «Алтын отау» тұрғын үй кешеніне дейін қиыршық тас (щебень) төсеу жұмыстары басталады. Негізі Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен А.Байтұрсынов, Ж.Нәжімеденов көшелері бойынша жоба әзірленуде. «Өркендеу» тұрғын үй кешені осы аралыққа (А-62 - «Алтын отау» ТК) кіреді», – деп жауап берді Нұрмат Абдраимов.

Баспанаға қол жеткізгенмен қуанышы көпке созылмаған тұрғындар жауаптыларды берген уәделері  айтылған жерінде қалып қоймай, іс жүзінде жүзеге асса деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама