×

Кітапханашы, полиглот, бір көзі туғаннан көрмейді: 68 мың кітап оқыған Мейірханмен сұқбат

Мейірхан Топанбай Түлкібас ауданындағы ауыл кітапханасында жұмыс істейді

 Гүлбаршын Нұрхан 07.02.2023 | 16:20

Түркістан облысы Түлкібас ауданында 68 мың кітап оқыған, 10 тілде сөйлей алатын кітапханашы-полиглот тұрады. Мейірхан Топанбай туғаннан сал және талма ауруына шалдыққан. Оның бір көзі мүлде көрмейді. 28 жыл бойы тағдырдың тәлкегіне мойымай, аурумен күресіп келеді.

Сондай-ақ аудармамен шұғылданып, күнделік жазады. Тіпті қолөнермен айналысады. Қазір ол туған ауылында кітапханашы болып қызмет етеді.

Мейірхан Топанбай Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында отбасы, кітап оқуға деген ынтасы мен өмірі жайлы айтып берді.

«АТА-АНАМ АУРУЫМДЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАДЫ»

28 жастағы Мейірхан Топанбай Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылында туған. Бір жылдан кейін оған сал ауруы деген диагноз қойылған.

Әкем де, анам да еңбек адамы. Анам шет тілі пәнінің мұғалімі, әкем – тракторшы. Адал нанын еңбекпен тапқан адамдар. Менің әкем мен анам отбасын кеш құрған, олар тұңғышы сал ауруына шалдығады деп ойламаған, - деді Мейірхан.

Мейірханның айтуынша, ондаған жыл бұрын сал ауруына медицина мен қоғамның дайындығы болмаған. Тіпті ана-анасы да бастапқыда қабылдай алмаған. Нағашы әжесі көмектесіп, отбасы баланы бар болмысымен қабылдай бастайды.

Содан кейін бала Мейірханның кітап оқып, аударма жасауына әжесі ықпал еткен.

Ата-анама сал ауруы деген диагноз аспаннан жай түскендей әсер қалдырған деп ойлаймын. Нағашы әжем менің диагнозымды ата-анамның қабылдауына ықпал етті. Әжем болмаса ата-анамның бұл ауруды қабылдауы өте қиын болатын еді, - дейді ол.

Мейірхан Топанбайдың айтуынша, ол бала күнінен әжесі заңдарды жаттатқан.

«Әжем мені өмірге дайындады. Қазір көп ата-ана баласының диагнозын айтпайды. Тіпті баланың бойындағы ерекшелікті де байқамауы мүмкін. Ал ол бала белгілі бір ортаға түскен кезде қиналады. Әжем өмірде кедергілер болуы мүмкін екенін айтып отыратын. Бала күнімнен заңды жаттататын. Маған біреу қол көтерсе, балағаттаса, заңның бабы бойынша жауапқа тартылатынын айтуға болатынын білдім. Кейін мұның өмірге дайындық екенін түсіндім», - дейді Мейірхан Топанбай.

68 МЫҢ КІТАП ТУРАЛЫ

Мейірхан Топанбайдың туғалы бір көзі көрмейді. Соған байланысты отбасы көзі нашар көретіндерге арналған орталыққа апарып, арнайы әліпбені үйренген.

«Көру қабілетім нашарлап кеткен кезде де кітап оқуды тастаған жоқпын. 2021 жылы Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесі, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы «Түлкібас ауданының үздік оқырманы» деген ат берген. Оның ішінде арнайы кітапханада, Абай кітапханасында, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен Түлкібас аудандық кітапханасында, ауылдағы кітапханада оқыған кітаптарым бар», - дейді Мейірхан.

Оның сөзінше, кітап оқудың арнайы методикасы бар.

Поэзиялық шығарма оқуға келсек, 200 беттік кітаптың ішіндегі 90 өлеңді оқыса, бір кітап оқылды деп саналады. Ар прозада әңгімелерді бөліп оқып, бір аптада кемі 14-19 кітап оқыдық, - дейді Мейірхан.

Сонымен қатар бір сөзін қалдырмай оқитын кітаптар және көз жүгіртіп оқып шығатын кітаптар да бар екенін айтты.

«Бала кезден ең алғаш оқыған кітаптарым – Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қалған тұяқ», түрік әдебиетінің қаламгері Решат Нури Гүнтекиннің «Бозторғай» деген туындысы. Одан бөлек Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармалары менің сүйікті кітаптарым болды», - дейді ол.

«10 ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙ АЛАМЫН»

«Тілді меңгеру – үлкен жұмыс. Мектепте неміс, француз тілін оқыдым. Ағылшын тілін орта деңгейде меңгердім. Қазір италиян тілін үйреніп жүрмін. Ана тілімнен бөлек 10 тілді білемін. Оның ішінде поляк, неміс, француз, испан, парсы, тәжік, неміс, орыс, грек тілі бар», - деді полиглот Мейірхан Топанбай.

Сондай-ақ ол тілді қалай үйренуге болатынын айтты. Өзі бір тармақтағы тілдерді өзараса сабақтастырып үйренген.

Мәскеуде шығыс тілдері мамандығы бойынша білім алдым. Кейін дефектологияны, сосын орыс тілі мен әдебиеті мамандығын оқыдым. Орыс тіліне ұқсас тіл ретінде поляк тілін игеруге тырыстым, - дейді ол.

Мейірхан Топанбай қазір Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылдық кітапханасында жұмыс істейді.

«Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істемеуі керек деген ойдан арылуымыз керек. Мүгедектігі бар жандардың жұмыс істеу қоғамға пайдалы. Үйінде төрт қабырғаға қамалып отырған адам өте агрессивті болады. Олардың сана-сезімі толыққанды жұмыс істемейді, адамдардан үнемі кемшілік көре бастайды. Жақындарының өзін бездіріп жіберуі мүмкін, сондықтан олардың жұмыс істеуі өздеріне де, қоғамға да жақсы», - дейді Мейірхан.

Сондай-ақ Мейірхан қолөнермен айналысады. Келешекте өзі тоқыған бұйымдардан көрме ұйымдастыруды жоспарлаған.

Қолөнер адамның жүйкесін тыныштандырады. Шұлық тоқудан бастадым, одан кейін үйге киетін аяқ киімдер мен бас киімді қолға алдым. Келешкте өзім тоқыған бұйымдардан көрме жасағым келеді, - дейді ол.

«Мүгедектігі бар азаматтар ең алдымен мықты болуы керек, білім алуы керек. Біліммен ғана қоғамда өз орнымызды айшықтай аламыз. Дені сау адамдармен бір деңгейде болу керек», - деп түйіндеді Мейірхан Топанбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама